Адамзаттық капитал

Биыл бала асырап алған отбасыларға 75 АЕК көлемінде қаржы төлене бастайды

Биылғы жылы, бала асырап алған қазақстандық отбасыларға 75 АЕК көлемінде қаржы төлене бастайды, деді Білім және ғылым министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Аяш Мәкенова «Нұр Отан – Бақытты отбасы» атты жоба аясында көпбалалы отбасы өкілдерімен болған өткен кездесуде.
Астана қаласы22 Сәуір , 17:53

«Жоба аясында «Білім» бастауыш партия ұйымы мен Білім және ғылым министрлігі Астана қаласының көпбалалы отбасының өкілдерімен кездесуде. Олардың арасында балаларды асырап алған, балаларды қамқорлығына алған және оларға патронат тәрбиеші болып отырғандар да бар. Аталмыш жоба еліміздің жетекші партиясының қоғамның өзегі ретінде отбасыларға қамқор болып отырғандығын көрсетеді»,-деді А.Мәкенова.  

Оның сөзінше, мемлекетімізде отбасы мен балаларды қорғау саясаты жанданып келеді.  

«Қазақстанда балалар үйлері мен оның тәрбиеленушілерінің саны күрт қысқаруда, өйткені мемлекет отбасыларға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Бала асырап алушы, ата-анасынсыз қалған балаларды қамқорлығына алған, патронат тәрбиелеушілерге үлкен көмек көрсетіліп отыр. Биылғы жылдан бастап, балалар үйлерінен бала асырап алған отбасыларға 75 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төлене бастайды»,-деді төрағаның орынбасары.

Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарының балалар асырап алуға деген ұмтылысы уақыт өткен сайын артып отыр.   

Ботагөз Айтжанова

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика