Инвестициялар

Қазақстанда алғаш рет АӨК қолдауға қажетті инвестициялар қоры құрылмақшы – ҰКП (ФОТО)

Қазақстанда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі мен «АЛМЭКС» холдингтік топтарының қатысуымен ALMEX-Baiterek Fund тікелей инвестициялар қоры құрылуда. Аталмыш қор агроөнеркәсіп кешеніндегі отандық кәсіпорындар мен тағам өнеркәсібін қолдауға бағытталған, деп хабарлайды Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) баспасөз қызметі.
Астана қаласы 22 Сәуір, 09:38

«Қордың қаржы қоры 18,6 миллиард теңге болады. Инвесторлардың қатарында «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы, «Қазына Капитал Менеджмент» акционерлік қоғамы мен «Алмэкс» компаниясының құрамындағы «Алмэкс жоба» ЖШС бар»,-делінген хабарламада.

ҚР «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевтың айтуынша, жобаға ұлттық кәсіпкерлер палатасы да қатысады. ҰКП барлық жобалардың экономикалық жағынан негізделгендігін бақылайтын инвестициялық комитет құрады. Бұған қоса, ҰКП бұл бағыттағы жұмыстарға аймақтық филиалдарды да тартуды жоспарлап отыр.    

Хабарлама мәліметтеріне қарағанда, тікелей инвестициялар қорына деген сұраныс бүгінде өте жоғары. Ішкі нарықта шағын және орта бизнесті қолдаумен бүгінде екінші деңгейлі банктер айналысуда. Олар бизнесті белгілі бір пайыздық көрсеткіштер негізінде несиемен қамтамасыз етеді де ұзақ мерзімге қажетті соманы бере алмайды. Енді ұзақмерзімді жобаларға қаржы инвестициялық қорлар арқылы бөлетін болады.   

«Инвестициялаудың орташа мерзімі 5 жылды құрап отыр. Жалпы алғанда қаржыландыру ортамерзімді негізде 5-7 жыл аралығында жүзеге асырылатын болады. Біз өзіміздің салған әрбір  үлесімізді тепе-теңдік жағдайында қаржыландыратын боламыз. Бұл ретте 50 пайызын «Бәйтерек» басқарушы холдингі бөлетін болса, 50 пайызын «Алмэкс» компаниялар тобы береді»,-деді баспасөз-мәслихаты барысында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев. 





Яндекс.Метрика