Халықаралық интеграция

Президенттің арнайы елшісі Перу мен Бразилияға сапары барысында БҰҰ ҚК ҚР кандидатурасын қолдау ұсынылды – СІМ

17-сәуір күні Парламент Сенатының комитет төрайымы Бірғаным Әйтімова Мемлекет басшысының арнайы елшісі ретінде 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның кандидатрасын ұсыну мен мемлекеттердің екіжақты ынтымақтастығының жағдайы мен оның болашағын талқылау мақсатында Перу Республикасына барды.
Әлемде21 Сәуір , 18:41

Лимуға сапары барысында Б.Әйтімова Перу Республикасының Сыртқы байланыс вице-министрі Клаудио Пуэнто Рибейромен және осы елдің Көпжақты ынтымақтастық пен халықаралық ұйымдар департаментінің директоры Давид  Малага Эго-Агиероның кездесуі өтті, деп хабарлайды еліміздң Сыртқы істер министрлігі.

Әңгіме басында Б.Әйтімова вице-министрге Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  Перу Республикасының Президенті Ольянта Умалаға жолдаған екіжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру мен 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасынның ұсынылуын қолдау жөніндегі жолдауын жеткізді.  

Тараптар түрлі салалар бойынша екіжақты қарым-қатынастарды дамытудың перспективаларын сөз етті. Б.Әйтімова перуандық дипломатты басымдықтарының бірі жаһандық ядролық қауіпсіздікті нығайту болып табылатын Қазақстанның сыртқы саясаттағы бағытынан хабардар етті. Сондай-ақ ол сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат баласын жаппай қырып-жою қаруынан азат ету жөніндегі маңызды бастамалары жөнінде жан-жақты әңгімелеп, әсіресе АТОМ жобасы жөнінде тарқата айтып берді.  

К.Рибейро Қазақстанның ядролық қарудан ада бейбітшілікті құру жолындағы бастамасын жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Перу арасында ортақ құндылықтардың көп екендігін, сондай-ақ ядролық қауіпсіздік мәселесін қоса алғанда адамзат баласының алдында тұрған қауіптерді шешу бойынша да көзқарастарының ұқсас екендігін мәлім етті.    

Қазақстанның қазіргі инвестициялық мүмкіндіктері Д.Малага Эго-Агиеромен талқыланды. «Тараптар екі елдің сауда-экономикалық әлеуетінің мықты екендігін атап өтті. Перу компанияларының Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу мәселелері жан-жақты талқыланды. Перу тарапы Қазақстанның қазіргі әлемуеттік-экономикалық жағдайынан хабардар етіліп, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдаған «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» жолдауының негізгі бағыттары да таныстырылды»,-делінген хабарламада.  

Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысының мемлекеттің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін алдағы уақытта трансформациялауға бағытталған 5 институционалды реформасының негізгі бағыттары түсіндірілді.

Осыған дейін Бірғаным Әйтімова жұмыс сапарымен Бразилия Федеративті Республикасында болып, осы елдің вице-президенті Мишель Темермен кездесіп, Қазақстан Президентінің Бразилия басшысы Д.Руссефке жолдаған еікжақты ынтымақтастықты дамыту мен 2017-2018 жылдары БҰҰ ҚК тұрақты емес мүше ретінде Қазақстанның кандидатурасын қолдау жөніндегі жолдауын жеткізді.  

Кездесу барысында саяси және экономика салалары бойынша екіжақты қарым-қатынастардың перспективалары сөз болды. Тараптар екі елдің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, екіжақты сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту қажеттігін айтты.  

Бразилия тарапы Қазақстанның қазіргі инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырылып, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне шақырылды.

 

 




Яндекс.Метрика