Сайлау-2015

ҚР Президенттігіне кандидат Ә. Құсайынов Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті, деп хабарлады штабтың баспасөз қызметі.
Шығыс Қазақстан21 Сәуір , 16:01

Кездесу кезінде ҚР Президенттігіне кандидат сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырды.

«Атмосфераның, топырақтың, әлем мұхиттарының ұзақ уақыттан бері әрі үздіксіз ластануына қарап, экологиялық ахуал әлемдегі нөмір бірінші проблема деуге болады», - деп ескерді Ә.Құсайынов.

Кандидат мәлімдегендей, көлік құралдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар оттегін көп мөлшерде пайдаланып, адамдар оны қалпына келтіруге асығар емес, тіпті қалдықтарды тазартуға күш салып отырған жоқ.

Жыл сайын атмосфераға 1250 млн тонна көміртек қышқылы, 170 млн тоннаға дейін күкіртті ангидрид, 20 млн тонна азот тотығы, сонымен қатар күкіртті сутек, күкіртті көміртек және басқа да химиялық зиянды заттар тасталады.

Тұрғын үйлер мен тұрмыстық кәсіпорындар тұрмыстық және өзге де қоқыстар шығарады. Табиғи ортада қағаз кемінде 10 жылда іріп-шіриді, консервілі ыдыстар – 90 жылда, темекі тұқылы – 100 жылда, полиэтилен пакеттер – 200 жылда, пластмасса – 500 жылда, шыны – 1000 жылда.

Жылу энергетикасы атмосфераға зиянды заттар шығарып, ол соңынан топыраққа қонады. Ауыл және орман шаруашылығында пайдаланылатын улы химикаттар топырақ пен қоршаған ортаны қоса улайды.

Көлік құралдарының қозғалтқыштары жұмыс істеп тұрғанда да зиянды заттар бөлініп, топыраққа қонады да өсімдіктерге сіңеді.

Мұның бәрі топырақтың құнарын жойып, қайта қалпына келуіне кедергі жасайды.

Ал мұнай өнімдері, нитарттар, фосфаттар, гербицидтер мен тұрмыстық қоқыс әлем мұхиттарын ластап жатыр.

2000 жылдан бері Әлем мұхиттарының қышқылдық деңгейі 10 есеге артып, маржан рифтерінің 19%-ы Жер бетінен жойылып кетті.

Жыл сайын Тынық мұхитына 9 млн тонна қалдық құйылады, Атлант мұхитына – 30 млн.

Адамзаттың табиғатқа қарсы қатыгез тұрмыс-тіршілігі Жер шарының экожүйесіне үлкен қауіп төндіруде. Мұндай қарым-қатынасты өзгертетін кез жетті.

«Адам биосфераны жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдалана бастады.

Алайда, қоршаған ортаны қаншалықты өзгертуге тырысқанымызбен, Жер бетіндегі тіршілік табиғаттың қатаң заңына бағынып дамиды. Сондықтан адамзат өркениеті тұрақты даму үшін осы заңдар мен қағидалардан ауытқымауымыз керек.

Табиғатпен үйлесімді өмір сүру – адамның Жер бетіндегі өмір салтының негізгі қағидасы», - деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов.

Дегенмен, Құсайыновтың пікірінше, жоғарыда айтылған фактілерге, әсіресе адам мен табиғат арасындағы байланысқа қарап, адамдар табиғат аясын, оның ішінде өзі өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны құртып жатыр деген ой түюге болады.

Сондықтан біз бүгінде экологияны өз үйіміз жайлы ғылым ретінде түсініп, сезінуіміз қажет.

Қоғамдық тәртіптің табиғаттың даму заңдылықтарына қайшы келмейтіндей жаңа үлгісін қалыптастыру керек. Экологиялық білім мен тәрбие қоғамның жүйелік негізіне айналуы тиіс.

«Біз экология туралы білімді, қауіпсіз әрі экологилық таза ортада өмір сүру қағидаларын, табиғат пен адамзатты қоршаған айнала туралы білімді қоғам санасына сіңіре білуіміз керек.

Экология мен табиғатты қорғау жұмыстарында азаматтық белсенділікті дамыту маңызды.

Әр адам сау табиғат пен қолайлы қоршаған орта ғана адамзат өмірі мен болашағының кепілі бола алатынын сезінуі қажет», - деді кандидаттың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Р.Жоламан.

Оның айтуынша, экологиялық түйткілдерді сезіне отырып, экономиканы экологиялық тиімді жағдайда дамыту маңызды.

«Қауіпті өндіріспен айналысатын барлық ұйымдар өз жұмысшыларының, нысандары мен қоршаған ортаның қауіпсіздігіне жауапты.

Қандай әлеуметтік қайшылықтар туындамасын, табиғатпен үйлесімді өмір сүру әрбір адамның басты міндетіне айналуы тиіс», - деді Әбілғазы Құсайынов. 




Яндекс.Метрика