Адами капитал

Қазақстанның облыстарында су тасқынымен күрес жұмыстары жалғасуда – ТЖК

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында су тасқынына қарсы шаралар жалғасуда, деп хабарлайды ІІМ ТЖ комитетінің тұрғындарды ақпараттандыру мен оқыту бөлімінің бастығы Руслан Иманқұлов аймақтардағы су тасқынына байланысты жағдай мен апаттан-құтқару жұмыстарына байланысты өткен баспасөз-мәслихатында.
Нұр-Сұлтан21 Сәуір , 13:03

«Ақмола облысында су тасқынымен байланысты жағдай орын алғалы қауіпті аймақтардың қатарына Атбасар қаласы мен Ерейментау, Аршалы, Астрахань, Целиноград аудандарының 12 елді мекені кірді. Ақмола облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері Целинноград ауданының елді мекендерін аралап шығып, су астында қалған бірқатар үйлерді анықтады. Атбасар ауданында апаттан-құтқару бригадалары тәулік бойына кезекшіліктерін жалғастыруда және олар жоғары деңгейдегі дайындық тәртібіне көшірілген»,-деді Р.Иманқұлов.

Оның сөзінше, Ақмола облысында өткен тәуліктерде тұрғындарды көшіру шаралары орын алмаған. «Солтүстік Қазақстан облысында ағын суларды ағызып жіберу жұмыстары жалғасып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында автожолдарды қалпына келтіру жұмыстарына дайындық жүріп жатыр. Зақымдалған жол бөліктерінде жол белгілері қойылып, баламалы жол ұйымдастырылды. Қайта қалпына келтіру жұмыстары судың деңгейі төмендеген соң жүргізіледі»,-деді бөлім бастығы.

Оның айтуынша, Павлодар облысының Екібастұз ауданында Бесқауға ауылына алып баратын жолдың зақымдалған жерлері жөнделуде, Бірлік ауылына алып баратын жолды толық қалпына келтіру жұмыстары да жалғасуда. 

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, еліміздің аймақтарында Ішкі істер министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың көмегімен апаттан-құтқару және ескерту, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Ботагөз Айтжанова

 




Яндекс.Метрика