Үкімет

2019: Электр энергниясы мен көмір тарифтері қалай өзгереді

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысы Президенттің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы мәселеден басталды. Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында электр және жылу энергиясына қолданыстағы тарифтерді қалыптастыру, сонымен қатар энергетика қызметтері нарығындағы бағаның түзілуіне бақылауды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың жұмысы мәселелері талқыланған еді.Электр энергиясы мен көмір тарифтерін түсіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы келесі материалдан оқи аласыздар.
Нұр-Сұлтан26 Қараша , 12:19

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев  Мемлекет Басшысының тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігі электр энергиясына арналған шекті тарифтердің объективті деңгейін белгілеу бойынша жұмыстарды аяқтап жатқанын мәлім етті.

Өткен аптада атқарылған жұмыстың алдын ала нәтижелері Жұмыс тобының қарауына ұсынылды. Оның отырысына Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура, мемлекеттік органдар мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты. Отырыс барысында электр энергиясына арналған шекті тарифтердің ұсынылған деңгейі талқыланды.

«Екі компоненттің қосындысы бойынша электр энергиясының құнын төмендетудің орташа өлшемді деңгейі шекті тарифтердің қолданыстағы деңгейінің 25 пайызын құрайды. Энергетика министрлігінің тәсілі тұжырымдамалы қолдау тапты», — деді Қ.Бозымбаев.

Сондай-ақ, жұмыс тобының отырысында қуат тарифінің шекті шамасын (1 МВт үшін 700 мың теңгеден 590 мың теңге шамасына дейін) төмендету қажеттігі туралы мәселе ұсынылды. Бұл түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясының құнын төмендетуді қамтамасыз етеді.

Энергетика министрлігінің мәліметтері бойынша, отырыстың нәтижелері бойынша Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ресми ұстанымы алынды. Бұл критерийлерді анықтайтын тиісті бұйрық жобасын осы күннің соңына дейін келісу және тіркеу үшін Әділет министрлігіне енгізуге мүмкіндік береді.

«Біз осы аптаның соңына дейін қуатқа жаңа тариф мөлшерін бекітуді болжап отырмыз. Бұл биылғы жылғы желтоқсанның бірінші онкүндігінде орталықтандырылған сауда-саттық өткізуге мүмкіндік береді. Сауда-саттық нәтижесі бойынша энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясына  шекті тарифтері бекітілетін болады», — деді энергетика министрі.

Сонымен қатар, Қ.Бозымбаев екі аспектінің маңыздылығын атап өтті: электр станциялары үшін «кем дегенде» ағымдағы көмір бағасын сақтау және делдалдық құрылымдарды алып тастап,  көмірді тасымалдау құнын төмендету; 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдарда тарифтерді ағымдағы шаманың деңгейінен төмендету.

Тауарлық газ бойынша, Энергетика министрлігі тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын төмендету көзделген бұйрық жобасын әзірледі. ҚР ЭМ бағалауынша, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап шекті көтерме сауда бағасын төмендету — тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 12-22%-ға төмендетуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі уақытта министрлік тұрғындар үшін жылу және электр энергиясын өндіретін отын-энергетикалық кешендерге тауарлық газдың бөлшек сауда бағаларын есептеу арқылы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінен шекті көтерме баға деңгейін растауын күтіп отыр», - деді министр.

Энергетика министрлігінің шекті көтерме газ бағасын төмендетуіне байланысты Табиғи монополияларды реттеу комитеті электр станцияларға  газдың бөлшектік бағасын төмендету жөніндегі тиісті бұйрықтар қабылдайтын болады.

Электр энергиясының және тауарлық газ бағасын төмендету шаралары Энергетика министрлігінің тиісті бұйрықтарын бекіту түрінде 01.01.2019 жылдан бастап өз күшіне енеді.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ТКШ саласындағы монополистердің қызметтеріне, жарыққа, көмірге, жылумен, сумен, газбен жабдықтауға, кәріз жүйесіне, телефон байланысына, интернетке, лифттерге қызмет көрсетуге, қоқыс шығаруға тарифтерді төмендету мақсатында Ұлттық экономика министрлігі бірқатар шараларды қабылдағанын жеткізді.

«Бүгінгі күні жылумен, сумен және электр энергиясымен жабдықтау саласындағы 32 монополист бойынша тарифтерді 20,3 млрд теңгеге, оның ішінде соңғы екі аптада 6 субъекті бойынша 1,9 млрд теңгеге төмендету туралы шешім қабылданды. Монополисттердің негізсіз алған кірістерін анықтау және оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында 33 жоспардан тыс тексеру ашылды. 24 жоспардан тыс тексеру ашылу алдында», — деді Т. Сүлейменов.

 ҚР ҰЭМ облыстардың және Астана, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдіктерімен жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, электр энергиясын тарату және жабдықтау, қоқысты шығару, пәтер иелерінің кооперативі, лифт қызметтеріне, сондай-ақ автобус, троллейбус және трамвай  тасымалдары қызметтеріне бағаларды төмендету бойынша жұмыстар жүргізу қажеттілігі туралы мәселені пықыстап жатыр.

Мемлекет басшысының халықпен кері байланыс ұйымдастыру бойынша тапсырмасын орындау мақсатында халықпен тұрғын-үй шаруашылығы саласындағы проблемалық мәселелер жөнінде 1312 адам қатысқан 48 қоғамдық қабылдау өткізілді. Т. Сүлейменов өткізіліп жатқан қоғамдық қабылдауларға қатыса алмайтын тұтынушылар үшін «жедел желі» телефондары жұмыс істейтінін хабарлады.

Орта мерзімдік шараларға қатысты, тариф белгілеудің ашықтығын және монополисттердің тарифтік сметалар мен инвестициялық міндеттемелерді орындауын күшейту үшін заңнамаға түзетулердің екі топтамасы әзірленді.

Монополистерге тексерулер жүргізу тетіктерін нығайтатын және Кәсіпкерлік кодекске өзгерістер енгізуді талап ететін түзетулер Парламент Мәжілісінің қарауындағы бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері жөніндегі заң жобасында алдын ала қарастырылатын болады.

Ал Инвестициялар және  даму министрі Жеңіс Қасымбек әкімдіктердің берген мәліметтері бойынша биыл 1-ші мамыр мен 23-ші қараша аралығында коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктермен халық үшін  көмір қорын жинау жұмыстары жоспарлы режимде орындалып жатқанын жеткізді.

«Жылдық жоспарға сәйкес, сегіз облысты және Алматы мен Шымкент қалаларын көмір қорымен қамтамасыз ету көрсеткіші 85%-дан асады. Сонымен бірге, көмір жеткізу кестесін уақытынан бұрын орындаған өңірлер бар. Олар: (Алматы обл. – 92,5 %; ШҚО – 90,8 %; Жамбыл обл. – 91,9 %; Қарағанды обл. – 93,5 %; Қызылорда обл. – 95 %; Павлодар обл. – 88 %; СҚО – 89,9%; Түркістан обл. – 89,9 %; Алматы қ. – 91,1% Шымкент қ. - 97%).Ақмола (55%), Ақтөбе (77,3 %) облыстары мен Астана (50,3%) қаласы көмір жеткізудің айлық жоспарын уақытында орындауды», - деді Ж.Қасымбек.

Жергілікті атқарушы органдардың ақпараты бойынша, коммуналдық-тұрмыстық көмірдің бағасы көмірдің сапасы мен соңғы тұтынушыға дейінгі қашықтыққа байланысты орташа есеппен 15 мың теңгені құрайды.

«Коммуналдық-тұрмыстық көмір тарифтері мен бағаларын төмендету мәселесі бойынша Сіздің тапсырмаңызды орындау үшін Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы жергілікті атқарушы органдармен және қоймалардағы коммуналдық-тұрмыстық көмірді сатушылар арасында меморандум жобасын әзірледі», - деді министр.

Ол атағандай,  Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарының жергілікті атқарушы органдары өңірлерде орналасқан қойма иелерімен меморандумдар жасасты. Қалған өңірлер де осындай меморандумға қол қою жұмыстарын жүргізуде. 100 теміржол көмір қоймасының иелерімен меморандумға қол қою жоспарлануда. Жергілікті атқарушы органдардың меморандум жасасуды жылдамдатулары қажет.

«Осы жұмыстың нәтижесінде біз көмір қоймалары мен бөлшектеп сату орындарындағы бағаны төмендетуді жоспарлап отырмыз.Қабылданған шаралардан кейін көмір бағасы 18%-ға төмендейді. 13 600 – 14 500 теңгеден 11 200 теңгеге дейін арзандайтын болады. Айырмашылығы 2 400 теңге», - деді ол.

Министрлердің баяндамаларын тыңдаған соң Премьер-Министр өткен уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау бойынша ауықмды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап электр энергиясының, газ, жылу мен судың, көмірдің, ұялы байланыс пен Интернеттің бағасы төмендейді. Б.Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары 1 қаңтардан бастап орындалуы керек», - деді Б.Сағынтаев.

Осыған байланысты, облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктеріне тұрғындар үшін көмірдің қолайлы бағасын қамтамасыз ету үшін өңірлік операторлардың үздіксіз және сапалы жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.

«Бірқатар өңірлерде жылдың басынан бері қоқыс шығару тарифтерінің өсіп отыр. Ол Шығыс Қазақстан облысында 30%-ға, Батыс Қазақстан облысында 46%-ға, Солтүстік Қазақстан облысында 50%-ға және Алматы қаласында 40%-ға өскен. Жолаушылар тасымалы бойынша Ақтөбе облысында жолақы бағасы 30%-ға өскен», - деді Премьер-Министр.

Премьер-Министр Б. Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне облыстың коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуіне жол бермеуді және оларды төмендету бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.




Яндекс.Метрика