Шағын және орта бизнесті дамыту

ДСҰ іргесінде ауыл шаруашылығының бағын аша аламыз ба?

Сарапшылар Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 2013 жылдың соңына дейін кіруге ұмтылатынын айтады. Дәл қалай болатыны белгісіз, дегенмен былтыр Ресей, осы биылғы наурыз айында ғана Тәжікстан кірген әлемдік сауда ұйымына қатысты келіссөздердің Қазақстан үшін тықыры таянғаны белгілі. Қалай болғанда, ДСҰ аясындағы келіссөздердің ең күрделісі де, ең маңыздысы да біздің еліміз үшін ауыл шаруашылығына қатысты позициялар болып табылатыны белгілі. Ұйымға ену барысындағы келіссөздердің табандап қалуына да осы аграрлық сала бойынша Қазақстан ұстанымындағы келіспеушіліктерге қатысты болса керек. Десек те, агронеркәсіп кешенінің білгір мамандары, отандық білікті ғалымдар қалай болғанда да Қазақстан өз ұстанымынан бас тартпау керек дегенді қайталайды.
Казахстан29 Тамыз , 00:00

Қазақстан үшін агроөнеркәсіптік кешен саласы – ең маңызды басымдық. Өйткені, жаһандану заманында азық-түліктік қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздікпен қатар қойылса, келешекте ауыл шаруашылығы тығырыққа тірілетін елдің қауіпсіздігіне де қатер болатынын сарапшылар болжайды. Бұл жайында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев былтырғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында нақты айтып, азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерді жаһандық сын-қатерлер қатарына жатқызған болатын. Елбасының айтуынша, әлемдік халық саны өсуінің жоғары қарқыны азық-түлік проблемасын күрт шиеленістіріп отыр. «Бүгіннің өзінде әлемде миллиондаған адам аштыққа ұшырап, миллиардқа жуық адам тағамның ұдайы жетіспеушілігін бастан кешіруде. Тамақ өнімдерін өндіруде революциялық өзгерістер жасамаса, осынау үрейлі цифрлар тек өсе түспек. Ендеше, біз үшін бұл сын-қатер астарында орасан зор мүмкіндіктер бар. Біз қазірдің өзінде астық дақылдарын аса ірі экспорттаушылар қатарына ендік. Бізде аса ірі экологиялық таза аумақтар бар және экологиялық таза тағам өнімдерін шығара аламыз. Ауыл шаруашылығы өнеркәсібінде сапалы секіріс жасау толықтай қолымыздағы нәрсе. Бұл үшін бізге жаңа тұрпаттағы мемлекеттік ой-сана қажет болады», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Яғни, агроөнеркәсіп кешенін бүгіннен жаңғырту әлемдік сын-қатерлер арасында Қазақстанға зор мүмкіндік ашпақ. Ал бұл басымдықты уыста ұстау үшін не қажет? Бұл ретте Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігін айтып, әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін бірқатар міндеттер жүктеді. Олардың арасында әлемнің барлық елінде мүмкін бола бермейтін егістік алаңын ұлғайту, егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру, әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру, экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер қалыптастыру міндеті алға қойылды. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы қайта өңдеуде және саудада фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамытуға мән берілуі тиістігі ерекше атап өтілді. «Бұл – өзекті міндет. Бұл арада бізге: жер өңдеу мәдениетін өзгерту және жаңа ғылыми, технологиялық, басқарушылық жетістіктерді ескере отырып, мал шаруашылығындағы дәстүрлерімізді жаңғыртуымыз қажет. Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәтижесі 2050 жылға қарай ел ЖІӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс», - деп нақтылаған болатын Мемлекет басшысы.

Жалпы, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені бағытындағы ұстаным айқын. Елбасы тапсырмасына сәйкес, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің 2020 жылға дейінгі дамуының жаңа бағдарламасы да қабылданды. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында сапалы секіріс жасау үшін Қазақстанның ішкі жағдайынан бөлек, жаһандық ауқымдағы мәселелер де маңызды болмақ. Сондықтан да бір жағынан жаһандану үдерісінің белсенді қатысушысына айналған елімізге халықаралық сауда-саттықтарға қатысты агроөнеркәсіптік бағытты қолдай түсу аса маңызды. Оның үстіне, Президент айтпақшы, жаһандануды ұлттық мемлекеттерге төнген қатер деп емес, керісінше, қайсыбір бағыттар бойынша зор мүмкіндік тудыратын объективті үдеріс деп қарауға болады. Ал ДСҰ табалдырығында тұрған Қазақстан үшін ауыл шаруашылығын қолдау қай тұрғыдан маңызды? Дәл осы мәселе өткен жолы Астанадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Жаһандану жағдайында Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін экономикалық дамытудың өзекті мәселелері» атты тақырыпта өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында талқыланған болатын.

Жиынды ашқан университет ректоры, профессор Ақылбек Күрішбаев ең алдымен жаһанданудың жағдаяттарына да тоқталды. Оның айтуынша, жаһанданудың мемлекеттер үшін бірқатар мүмкіндіктер ашатын тұсы да баршылық. Мәселен, бұндай үдерістің арқасында әрбір мемлектетен жаңа технологияларды, инновацияны үздіксіз ынталандыру қатаң талап етіледі. Дегенмен, мұндай үдеріс ғаламдық барша мемлекеттер үшін күрделілігімен де, қарама-қайшылығымен де ерекшеленеді. «Барлық мүмкіндіктер мен тигізуі мүмкін оң салдарын бағалау барысында жаһанданудың ең айқын жақтаушыларының өзі бұл үдерістің дамуынан құрбандарсыз, жапа шегушілерсіз өте алмайтынымызды алға тартады. Яғни, жағымды тұстары болғанымен, бұл барлық мемлектетер үшін біркелкі бола бермейді, керісінше, одан жапа шегетіндер де бар. Ал жаһанданудың ең қуатты қатері ретінде көптеген сарапшылар жаппай жұмыссыздықтың артуын, жұмыс күштерінің бір орыннан екінші орынға шапшаң жететін мобильділігін алға тартады. Ал әлемдік сипатқа ие болған халықтың жаппай көші-қоны жер жаһандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды ушықтыратын негізгі факторға айналып, ондай нүктелер санының артуы да ғажап емес», - дейді Ақылбек Күрішбаев. Осыны айта келе, ректор жаһандану үдерісіне қатысу өздерінің экономикасын бәсекеге қабілетті етуге ұмтылатын әрбір жекелеген мемлекеттер үшін ұлттық экономиканы түлетудің маңызды мәселесіне де айналатынын алға тартады. Оның пайымынша, жаһандану жағдайында кез келген мемлекеттің басты шарты ұлттық қауіпсіздікті қымтап ұстау болса, азық-түлік қауіпсіздігі ұлттың қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе болғандықтан, бұған да ерекше назар аударған ләзім.

Дей тұрғанмен, әлемдік саудадағы аралас-құраластық пен алыс-беріс Қазақстанның ДСҰ-ға енгенінен кейін күшейе түседі. Бәсекелестіктің нағыз көрігі сонда қызбақ. Ал бұған бүгінгі отандық агрария дайын ба? Ең бастысы, бүгінге дейінгі Кедендік одақ аясындағы интеграцияда қазақстандық агроөнеркәсіп кешені қалай шыңдалды? Кейбір мәліметтерге қарағанда, 2009 жылдан бері Қазақстанның Кедендік одақ мемлекеттерімен ауыл шаруашылығы тауарлары мен өңделген тауарларының айналымы 1 млрд. 26 млн. доллардан 1 млрд. 743 млн. долларға дейін немесе 41 пайызға артқан екен. Алайда, университет ректоры, ғалым Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, бұл көрсеткіштің өсімі негізінен Қазақстанға импорттың артуы есебінен орын алып отыр. «Мәселен, Кедендік бақылау комитетінің мәліметтеріне қарағанда, соңғы 4 жылда Кеден одағы елдерінен келетін ауыл шаруашылығының өңделген өнімдері 1,5 млрд. долларға, яғни 2 есеге дейін артқан. Бұл ретте қазақстандық экспорт 0,78 млн. доллар деңгейінде өзгеріссіз қалған. Ал бұндай жағдайда ауыл шаруашылығын дамытуға жіті назар аударып, отандық өндіруші сектордың бәсекеге қабілеттілігін шыңдауды арттыра түспесе болмайды», - деп түйіндейді Ақылбек Күрішбаев. Бұдан байқайтынымыз, Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдауы әлі де өз деңгейінде емес. «Ауыл шаруашылығы өнімдерін, жалпы аграрлық секторды қолдау туралы әңгіме болғанда қаперде ұсталатын басты мәселе: кез келген дамыған елдерде ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігі мемлекеттік қолдаудың есебінен ғана қамтамасыз етіледі. Яғни, бұл салада бюджеттік субсидиялау үлкен рөл атқарады. Ешбір жерде мемлекеттің араласуынсыз нарық та, бизнес те өздігінен бұл салаға қандай да бір тәртіп орната алған емес», - дейді ректор А.Күрішбаев. Сондықтан да оның сөзіне қарағанда, қазақстандық агроөнеркәсіп кешенінің проблемалары негізінен мемлекеттік қолдаудың тым төмендігінде болып табылады. Тіпті басқасын айтпағанда, Кедендік одаққа қатысушылардың арасында қазақстандық қолдау басқасына қарағанда тым мардымсыз деңгейде болып отыр. Мәселен, Беларусь Республикасында аграрлық салаға бағытталатын мемлекеттік қолдау деңгейі жалпы ішкі өнімнің 17 пайызын құраса, Қазақстанның қолдау деңгейі 5 пайыздан аспайды. Бұл ғана емес, елдер бойынша жіктегенде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін еліміздің жоғалтар шығыны зор. Мәселен, Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімін өндіруге кететін шығын мөлшері Еуропа елдеріне қарағанда 3 есеге артық. Бұл негізінен табиғи қалыптасқан жағдайларға да байланысты болып келеді. Айталық, егер Қазақстанда вегетациялық маусымда жауын-шашын мөлшері 250 миллиметрді құраса, Еуропада бұл көрсеткіш 1000 миллиметрге дейін жетеді. «Осындай жағдайларды ескере отырып, ДСҰ-ға ену жөніндегі келіссөздер барысында барлық қағидатты ұстанымдар бойынша отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеушілер үшін тиімді шарттарды қалыптастыруға қол жеткізуге тиіспіз. Ондай келіссөздерде дес беруге ешқалай болмайды. Әйтпесе, Қазақстанда Украинадағы секілді жағдай қайталануы әбден мүмкін. ДСҰ-ға енгеннен соң Украинада жұмыссыздар саны күрт өсті. Ол елде дәстүрлі қалыптасқан қант экспорты бірден құлдырады, басқа елдерге шығарылып келген мал етінің экспортына қарағанда оның импорттық бажы 8 есеге төмендеп кетті», - дейді профессор А. Күрішбаев. Дегемен, бұл бір ғана мысал. Өйткені, ДСҰ-ға енгеннен кейінгі кейбір мемлкеттерде керісінше оң үдеріс байқалып, қайсыбір мемлекеттер үшін жаңа нарықтың жаңа мүмкіндіктері пайда болған. Мәселен, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея елдерінде ДСҰ аясында, керісінше, ауыл шаруашылығын дамытудың тың жолдары ашылды. Ендеше, ендігі кезекте ДСҰ келіссөздеріне терең мән беріп, ұстанымды табанды түрде тыңғылықты қорғаудың, сауатты жүргізудің маңызы ерекше болмақ.

«Расында да, Қазақстан әлемдік экономиканың ажырамас бөлшегіне айналып барады. Ал мұндай жағдайда басты мәселе біздің ДСҰ-ға қандай шартпен енетіндігімізде болмақ. ДСҰ-ға ену барысында ауыл шаруашылығы тауарларымен халықаралық сауда-саттыққа кері әсерін тигізетін қолдаулар қысқартылатыны белгілі. Дегенмен, Қазақстанға өз ұсынымын қорғап қала алатын жолдарымыз да баршылық. Мәселен, агросектордағы «жасыл себет» бойынша мемлекеттік қолдаудың жеткілікті жоғары деңгейі сақталып қалдырылуы қажет», - дейді Ақылбек Күрішбаев. Оның сөзіне қарағанда, жаһандық ұйым аясындағы «жасыл себет» бойынша жол берілетін ең жоғарғы шек – 10 пайыз. «Осы шектен арылмауға тиіспіз, ал бізге қазір олардың ұсынып отырғандары 5 пайыз ғана. Бұл Қазақстанның ауыл шаруашылығын қолдау үшін тым жеткіліксіз. Екіншіден, тиісті шарттарды қабылдау үшін берілетін өтпелі кезеңде сыртқа шығарылатын ауыл шаруашылығы тауарларына экспорттық субсидияны да сақтап қалған біз үшін аса маңызды. Өйткені, географиялық орналасу ерекшеліктеріне келсек, Қазақстан – әлемдегі теңіз порттарынан ең шалғайда жатқан мемлекет. Сондықтан да, тасымал шығындары қазақстандық тауарлардың халықаралық нарықтағы бағасының бәсекелестігіне кері әсер етеді. Мәселен, бір ғана Қара теңізге дейін қазақстандық астықты жеткізгенше оның бағасы 25 пайызға дейін қымбаттап шыға келеді. Бұған жол беруге еш болмайды. Ал мұндай қолдау дәл сол ДСҰ-ға мүше бірқатар елдерде баршылық. Мәселен, Австралия, Бразилия, Болгария, Канада, Колумбия, Грекия, Еуропалық Одақ, Исландия, Индонезия, Жаңа Зеландия, Норвегия, Польша, Италия секілді мемлекеттер экспорттық субсидия құқығына ие», - дейді ректор А.Күрішбаев. Оның айтуынша, ДСҰ бағытында еліміздегі ветеринарлық зертханаларды дамыту да маңызды болып табылады. Онсыз Қазақстан өзінің ішкі нарығын сапасыз ауыл шаруашылығы өнімдерінен қорғай алмайды. «ДСҰ-ның маңызды басымдықтарының бірі Санитарлық-фитосанитарлық іс-шаралар бойынша келісімге қол қою болып табылады. Санитарлық және фитосанитарлық реттеу туралы келісімге қол қоя отырып, біз өзіміздің ішкі нарығымызды сапасыз ауыл шаруашылығы өнімдерінен ғылыми негіздерге сүйене отырып қорғауға мүмкіндік аламыз», - дейді А.Күрішбаев. Оның айтуынша, Қазақстанда 2013 жылға дейінгі аралықта 11 облыстық ветеринарлық зертхана мен 16 аудандық ветеринарлық зертхана салу жоспарланған болатын. Алайда, бұл жұмыс әлі күнге аяқталмай отырған сыңайлы. «Ал ондай зертханаларсыз Қазақстан ДСҰ-ның әлгіндей маңызды басымдығын пайдалана алмайтыны айқын», - дейді ректор А.Күрішбаев.  




Яндекс.Метрика