Сайлау-2015

ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов «Астана-Көгалдандыру» АҚ ұжымымен кездесті

29 наурыз күні Қазақстан Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов елордадағы «Астана-Көгалдандыру» АҚ кәсіпорнына барды, деп хабарлады кандидаттың штабы.
Астана қаласы30 Наурыз , 18:42

Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов бірлестік жұмыскерлерін өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарымен таныстырып өтті.

Ә. Құсайыновтың айтуынша, ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың басындағы жоғары экономикалық өсім қоршаған ортаның мүмкіндігіне мән берілмей жүзеге асырылды. Соның салдарынан таза табиғат ластанып, экологиялық проблемалар туындады.

Ә. Құсайынов жер ресурстарының тозуын табиғатты тиімсіз пайдалану салдарынан туындаған қоршаның ортаның деградациясының мысалы ретінде келтіріп кетті. Топырақ деградациясы үдерісінің нәтижесінде жыл сайын шамамен 7 млн га құнарлы жер ауыл шаруашылығына пайдаланудан қалып отырады. Бұл үдерістің басты себебі - урбанизация, су және жел эрозиясы, сондай-ақ химиялық және физикалық деградация.

Осы және өзге де экологиялық мәселелерді дер кезінде шешу - адамзаттың басты міндеті, оның одан әрі тіршілік етуінің және дамуының кепілі болып табылады.

Ә. Құсайынов жұмыскерлер алдында сөйлеген сөзінде қоршаған ортаны қанша өзгертуге тырысқанымызбен Жердегі тіршілік табиғат заңдылығы бойынша жүріп отырады деп атап өтті. Сондықтан адамзат өркениеті орнықты дамуы үшін осы заңдылықтар мен қағидаттар бойынша жүруі қажет.

Табиғатпен үйлесімде өмір сүру - Жер бетінде Адамның өмір сүруінің негізгі принциптерінің бірі. Тіпті ежелгі философтардың өзі табиғатты оның заңдарына бағына отырып қана игеруге болатынын айтқан болатын.

Ә.Құсайыновтың айтуынша, Адамның Табиғатпен өзара іс-қимылының өз ерекшеліктері бар. Адам ақыл-ой иесі және бұл оған табиғаттағы өз орнын және Жер бетіндегі мақсатын сезінуге мүмкіндік береді.

Бүгінде адам тұтастай алғанда ғаламшардағы экологиялық дамуды басқаруды өз мойнына алуға қабілетті.

Біздің бірінші кезектегі міндетіміз - табиғи ресурстарды үнемді және жоспарлы қолдану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалануға, қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған халықаралық және қоғамдық шараларды, мемлекеттік бақылаудың жоспарлы жүйесін енгізу, болашақ ұрпақтардың материалдық және мәдени мұқтаждарын қанағаттандыру болуы тиіс.

Ә.Құсайынов экологиялық-ағартушылық қызмет мәселесін маңызды шара деп санайды.

 «Біз балалардың бойына жас шағынан бастап экология туралы қарапайым білімдерді, қауіпсіз және экологиялық өмір сүру принциптерін, табиғатты және біздің айналамыздағы болмысты сақтап аялай білу қажеттігі туралы білімдерді сіңіруге тиіспіз», - деп атап өтті Ә.Құсайынов.

Сондай-ақ «Астана-Көгалдандыру» қызметкерлерімен кездесуде Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі.

Р.Жоламан республикалық штаб қызметін ұйымдастыру жайын әңгімелеп берді, таяудағы кезеңдегі жұмыс жоспарларын баяндады.

«ҚР Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов адам өміріндегі маңызды мәселеге - ғаламшардағы экологияны және биологиялық әралуандықты сақтау мәселелеріне жұртшылықтың назарын аударуға ниетті».




Яндекс.Метрика