Мәдениетті жаңғырту

Ақтөбелік әртістер Санкт-Петербургте өткен фестивальде лайықты өнер көрсетті

Мәртөк ауданының К.Медетов атындағы балалардың өнер мектебінің оқушылар мен ұстаздары «Петербург көктемі-2015» атты халықаралық өнер фестивалінде сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының өкілдері.
Ақтөбе30 Наурыз , 19:46

Ресей, Қазақстан, Беларусь, Словакия, Польша, Франция, Корея, Өзбекстан, Тәжікстан және Тайвань мемлекеттерінен келген 80 ұжым мен 500 әнші хореография, эстрадалық-вокалмен ән айту, халықтық вокал мен аспаптар өнері сияқты төрт аталым бойынша бақ сынасты.   

Онда Айтолқын Аманжол мен Раушан Жәнібекова қазақ және орыс әндерін орындап, бірінші және екінші орындарды иемденді. «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша әділқазылар алқасы бірінші орынды педагог Махамбетқали Ноғаевқа, ал екінші орынды оның оқушысы Оразғали Сағитжанға берді. Жерлестіріміз «халық әні» аталымы бойынша да алдыларына жан салмады. Сөйтіп, педагог Бақыткүл Қуандық бірінші орынды, ал оның оқушысы Руслан Көктесін үшінші орынды жеңіп алды. Орындаушылық жағынан Інжумаржан Нұрслан мен Анастасия Сторожевалар көрермендердің ықыласына бөленіп, 3-ші дәрежелі диплом алды. Флейтада ойнаған  Нұргүл Башанова да осындай марапатқа ие болды. Домбырашылар дуеті Оразғали Сағитжан мен Дәурен Дощанов бірінші орынды жеңіп алып, әншілер Балмұхан Берекет пен Қазына Жұманиязова үшінші орынды алып, домбырашылардың ұстазы Азиза Исаева екінші орынға қол жеткізді. Қобызшылар Дильназ Мұқашева мен Нұршат Бисембаева екінші орынға қол жеткізді.     

К.Медетов атындағы өнер мектебінің оркестрі қазақ халық ұлт аспаптарында «Алтынай» күйі мен Шуберттің «Серенадасын» ойнап, залды дүр сілкіндірді десе болады. Оркестр үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

«Біздің халық аспаптарымыздың үні мен өнерпаздардың қазақша киім үлгілері қалың көпшілікті баурап алды десе болады. Ал біз болсақ, музыка өнерін одан сайын тани түстік»,-дейді К.Медетов атындағы өнер мектебі оркестрінің жетекшісі Жанар Ілиясова.  

  

 




Яндекс.Метрика