Қалаларға шоғырлану

Астана әкімі қоғамдық көлік жұмысын жөнге келтіруді тапсырды (Фото)

Бүгін Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков кезекті апараттық жиын өткізді. Күн тәртібінде қалалық инфрақұрылым мәселелері, соның ішінде, қоғамдық көліктер мен басқа да салалардың жұмыстары талқыланды, деп хабарлады қала әкімдігі.
Астана қаласы 30 Наурыз, 15:57

Қала басшысы «Виртуалды қабылдау бөлмесі» мен «Халықтық бақылау» айдарларына келіп түсетін тұрғындардың шағымдарына тоқталды. Қоғамдық көлік жұмысындағы түйткілді мәселелер әлі де өзекті болып тұр. Астаналықтар лас автобустарға, аялдамаларға тоқтамай, жүргіншілерді бағдаршам маңында немесе жолдың ортасында тастап кететін, қозғалыс кезінде жарыс ұйымдастыратын жүргіншілерге наразы.

«Мен қоғамдық көлік жұмысын жөнге келтіруді бірнеше рет тапсырғанмын. Басым бағыттарды белгіледік, жаңа автобустар алдық, жүргізушілер мен кондукторларды үйрететін курстар өткізіліп жатыр. Тиісті нәтиже көретін уақыт келген секілді. Алайда, тұрғындардың шағымдарына сүйенсек, жағдай түбегейлі өзгермеген», - деді қала әкімі Ә. Жақсыбеков. Елорда басшысы бір айда қоғамдық көлік қызметін жөнге келтіруді тапсырды.

Тағы бір өзекті мәселе – кейбір саябақтар мен скверлердің, сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған жоласты өткелдерінің жағдайының қанағаттанарлықсыз болуы. Мысалы, Қабанбай батыр даңғылы арқылы өтетін «Рамстор» сауда үйінің маңындағы жоласты өткелі қала тұрғындары мен мүгедектер үшін қауіпті, деп санайды қала әкімі. Елорда басшысы барлық жерасты өткелдерін тексеріп, ретке келтіруді тапсырды.





Яндекс.Метрика