Қ. Жақыпов әлемдік қауымдастықтың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерді жүзеге асыру жолында Қазақстанның үлесі туралы баяндады. Мәселен, Қазақстан Президенті бастамашы болған БҰҰ мүше-мемлекеттер «Рио+20» конференциясында қолдаған «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы, «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы, сондай-ақ Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне баса назар аударды.
Мәжіліс Төрағасының пікірінше, 2015-жылдан кейін ғаламдық деңгейдегі тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру үдерісіне барлық халықаралық қауымдастық қатысуы қажет.
«Біз Астана Экономикалық форумы жанындағы G-Global халықаралық коммуникативті алаңын ұсынуға дайынбыз. Ол Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әлемдік ақыл-ойды біріктіру мақсатында дүниежүзілік даму мен сындарлы ұсыныстарды әзірлеу және шешу жолдарын талқылау үшін құрылды. Тұрақты даму мақсаттарына жету үшін бізге ғаламдық үнқатысудың қазіргі G-7 немесе G-20-дан да ауқымды форматы керек. Сондықтан да тікелей, G-global коммуникативті алаңы ғаламдық маңызды мәселелерді шешудің қозғаушы күші болмақ»,-деді Қабиболла Жақыпов.
Мәжіліс Төрағасының сөзінше, өткен жылы Астана Экономикалық форумы аясында БҰҰ мүше-мемлекеттер үшін Әлемдік дағдарысқа қарсы жоспар тұжырымдамасының қабылдануы дамуға жаңа серпін берді.
Тұрақты даму мақсаттары – алдағы 15 жылда тұрақты дамуды қамтамсыз етуге және кедейлік деңгейін төмендетуге бағытталған әмбебап бағдарлама. 2016 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді. Онда 17 мақсат пен 169 міндет белгіленген. Тұрақты дамудың негізгі үш бөлігінен құралады. Олар: әлеуметтік, экономикалық, экологиялық.
Парламентаралық Одақтың 132-Ассамблеясының күн тәртібіне су ресурстарын басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру, халықаралық құқық мәселелері де енгізілген.