Жасыл даму 2050

Қазақстанда «Бекіре-2015» балық қорғау акциясы басталды

1 сәуір мен 31 мамыр аралығында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре-2015» балық қорғау акциясы өткізіледі, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Казахстан30 Наурыз , 11:32

Жыл сайын бағалы балық түрлері уылдырық шашу маусымында құқық және табиғат қорғау органдары заңсыз балық аулауға, өткізуге, сатып алуға және оларды заңсыз тасмалдауға жол бермеу үшін бірлесіп жұмыс атқарады.

Осыған байланысты балықтардың, соның ішінде бекіре тұқымдас түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз жетуіне қолайлы жағдай туғызады.
«Бекіре-2015» балық қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін ҚР АШМ, ҚР ІІМ, ҚР ҰҚК және мүдделі орталық мемлекеттік органдардың қолдауымен өткізіледі.

Қазіргі таңда «Бекіре» балық қорғау акциясын өткізу туралы Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрліктерінің және Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының бірлескен бұйрығы бекітілуде. Осы бұйрықпен балық қорғау акциясын өткізу барысында құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өзара әрекеттесу бойынша Үйлестіру штабының құрамы, сондай-ақ бірлескен іс-қимыл Жоспары бекітіледі.

Үйлестіру штабын басқару Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне жүктеледі.
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы балық қорғау акциясын ұйымдастыру, өткізу және үйлестіру жөніндегі жұмыс органы болып белгіленеді. Атырау аумақтық инспекциясының инспекторлық құрамын күшейту мақсатында республиканың басқа аумақтық инспекцияларынан балық қорғау мемлекеттік инспекторлары тартылатын болады.
 

Акция шеңберінде браконьерлік фактілерінің басым айқындалатын жерлерінде стационарлық, жылжымалы бекеттер және қозғалмалы рейдтік топтар құрылады. Негізгі күштерді Атырау облысының шегіндегі Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясында және Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістігінде жұмылдыру көзделген, себебі осы жерлерде жиірек браконьерлік фактілер тіркеледі.

Сонымен қатар, қозғалмалы рейдтік топтар «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваттың аумағын бақылау үшін құрылатын болады.
 

Бұдан басқа, кедендік бақылау бекеттерінде, әуежайларда, вокзалдарда және ірі тас жолдарда Қазақстан Республикасынан тысқары балық өнімдерін шығаруға бақылау жұмыстарын күшейту көзделген. Бұдан басқа Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал қалаларында балық өнімдерін заңсыз сату орындарына мониторинг және ол туралы ақпарат жинақталатын болады.

 

 

 




Яндекс.Метрика