ҚР Тілдерді дамыту және қолданудың мемлекеттік бағдарламасы

СҚО халқының 46 пайызы мемлекеттік тілді меңгерген

Қазақстан халқы Ассамблеясы жылына орай облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов мемлекеттiк тiлдi меңгерген өзге ұлт өкiлдерiмен кездестi, деп хабарлады аймақ әкімдігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы30 Наурыз , 10:29

«Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев қазақстандық патриотизмдi мемлекеттiк тiл мәселесiмен тығыз байланыстырады. Қазақтың ұлы ақыны, жерлесiмiз М.Жұмабаев: «Ұлт үшiн тiлiнен қымбат еш нәрсе жоқ», — деген болатын. Бүгiн осы кездесуде жастармен бiрге мемлекеттiк тiлдi үйрену, оның қолданылу аясын кеңейту мәселелерiн талқылайық», — дедi кездесудi ашқан өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов.

Кездесуге мемлекеттiк бiлдi меңгерген өзге ұлт өкiлдерi, жастар ұйымдарының Қазақстан халқы ассамблеясының өкiлдерi жиналған. Облыстық тiлдердi дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспановтың айтуы бойынша, жылдан жылға мемлекеттiк тiлде бiлiм беретiн оқу орындарының саны артып келедi. Үстiмiздегi оқу жылында өзге ұлттың 293 баласы қазақ сыныптарында бiлiм алып жатыр. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Тiлдер және әдебиет институтының қазақ бөлiмiн аяқтаған 22 түлек өзге ұлт өкiлдерi.

Сөз алған Петропавл қаласы iшкi iстер басқармасы учаскелiк инспекторының көмекшiсi Гариф Хамзаев мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгеруiнiң арқасында оқуда да, қызметте де өзiн еркiн сезiнетiнiн жеткiздi. «Ұлтым әзербайжан болғанымен, тiлiм — қазақ. Дархан даладай мiнезi жайсаң қазақ бауырларымның арасында өскенiме қуанамын. 2014 жылы Ақтөбе заң институтын бiтiрдiм. Бала кезiмдегi арманым полиция қызметкерi болуы едi. Ендi қызмет барысында еш қиындықсыз мемлекеттiк тiлде пiкiр алысып, ой бөлiсе аламын», — дедi Гариф Мирзаевич.

Тайынша ауданының бiлiм басқармасының әдiскерi Палимат Чупалаева болса әдеби тiлде еркiн сөйлеп, мақал-мәтелдеп, кез-келген тiл маманын таң қалдырады. «Қазақ тiлi — өзiнiң даласындай кең пiшiлген жайдары да жалпақ тiл. Қазақ сөзi қашан да даланың қоңыр желiндей аңқылдап еркiн есiп тұрады. Ғасырлар бойы тағдыр тәлкегiне ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра бiлген Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың қонысына айнала бiлген. Мен даргин ұлтының өкiлi ретiнде, өз халқымның атынан көңiлi дархан қазақ бауырларыма шын көңiлден ризашылығымды бiлдiремiн», — дедi Палимат Чупалаева.

Сөз алған орыс, украин, немiс, татар, курд, т.д. ұлт өкiлдерi бiр ауыздан елiмiздi қай тiлдi болмасын үйренуге жағдай жасалғандығын атап өттi. Ал мемлекеттiк тiлдi бiлу олардың көпшiлiгi үшiн оқуда, еңбекте жетiстiктерге жетуге үлкен мүмкiндiк беретiндiгiн айтты.

Облыс әкiмi кездесуде Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтерiп, дәрiптеуге қосқан үлесi үшiн бiрнеше жас маманды алғыс хаттармен марапаттады.




Яндекс.Метрика