Парламент

Қазақстанның Парламент депутаттары ресми сапармен Вьетнам Социалистік Республикасында жүр

Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған Парламент депутаттары ресми сапармен Вьетнам Социалистік Республикасында жүр. Онда қазір 132-ші Парламентаралық Ассамблея Одағының ашылу рәсімі жүріп жатыр.
Әлемде 28 Наурыз, 12:36

Мәжіліс таратқан мәліметтерге сәйкес, жоғары парламенттік форумның биылғы жылғы басты тақырыбы – 2015 жылдан кейінгі тұрақты даму. Форум аясындағы жалпы пікірсайыстар кезінде Мәжіліс төрағасы Қабиболла Жақыпов та сөз сөйлейді деп күтілуде.    

Осы сапардың аясында қазақстандық делегация өкілдерінің Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангомен, Парламентаралық Одақ төрағасы Сабер Хоссейн Чоудхуримен, Вьетнам, Иордания, Швеция парламентінің спикерлерімен кездесулері жоспарланған. 

Ресми сапар барысында қазақстандық Парламент өкілдері Вьетнамның солтүстік-шығысындағы дамыған өнеркәсіп және туризм аймағы саналатын Куанг Нинь провинциясында болды. Сондай-ақ Халонге қаласындағы провинция орталығында қазақстандық делегация жетекшісі Қ.Жақыповтың Куанг Нинь провинциясының партия комитетінің хатшысы До Хи Хоанмен кездескендігі айтылды.   

Қ.Жақыпов Вьетнамның коммунистік партиясының құрылуының 85 жылдығымен және Вьетнам Социалистік Республикасының 70 жылдығымен құттықтады. Мәжіліс төрағасы бүгінгі таңда Қазақстанда атқарылып жатқан маңызды деген бағдарламалардан хабардар етті. Бірінші кезекте әңгіме «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты жөнінде өрбіді.    

Болашақ ынтымақтастық үшін перспективалы бағыттар ретінде тараптар туризм, мұнай-газ бен Кедендік Одақ аясында еркін сауда аймағын қалыптастыру бағытындағы бірлескен қимылдарды атап өтті .

Қабиболла Жақыпов пен До Хи Хоан қазақстандық-вьетнамдық қарым-қатынастарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.   

 

 

 





Яндекс.Метрика