Инфрақұрылымның дамуы

Қызылорда облысының әкімі әлеуметтік бағыттағы нысандардың құрылысымен танысты (ФОТО)

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Байқоңыр қаласында болып, ондағы Төретам, Ақай елді мекендеріндегі бірқатар нысандардың жағдайымен танысты, деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Қызылорда 29 Наурыз, 11:06

Әкімдік өкілдерінің мәліметтерінше, Байқоңыр қаласы мен Төретам және Ақай елді мекендеріндегі тауарлардың бағасын тұрақтандыру мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы осы аймақта «Барыс» сауда орталығы ашылған. Онда қазір 5 адам жұмыс істейді, олар тұрғындарға тауарды қолжетімді бағамен сатуда.

Осыған дейін, яғни екі жыл бұрын Төретам ауылында 600 орындық №269 мектеп ашылған болатын. Облыс басшысы осы мектептің түлектеріне тестілеу жұмыстарына тыңғылықты дайындалу қажеттігін айтып, оқушыларға сәттілік тіледі.  

Ақай ауылында балабақша кезегінде тұрған 3-6 жас аралығындағы 300 бала бар. Бұл мәселе осы аймақта салынып жатқан 280 оррындық балабақшаның іске қосылуымен шешіледі деген үміт бар. Құрылыстың мердігері «Болашақ-Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері  балабақша биылғы жылдың тамыз айында аяқталады деп отыр.   

Бұған қоса, аймақтағы тұрғындар санының артуына қарай Ақай ауылында 600 орындық мектеп салынуда. Ауылда қазір жұмыс істеп тұрған мектеп 320 орынға лайықталған, ал ондағы оқушылар саны 875. Сондықтан жаңа салынып жатқан мектеп пайдалануға берілсе, оқушылар екі мектепте де бір  ауысыммен оқи алады. Ал түстен кейін мұнда түрлі секциялар жұмыс істейді.  

Осы сапар барысында облыс әкімі «Достық гүлбағында» болды. Бақтың айналасында Естелік алаңы орналасқан. Сондай-ақ облыс басшысы Байқоңыр тұрғындарымен кездесіп, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына дайындық барысымен танысты.

 





Яндекс.Метрика