Халықаралық интеграция

Нью-Йорк қаласында «Қайту кемесі» ескерткішінің ашылуына Қазақстан атсалысты

Нью-Йорк қаласында БҰҰ штаб-пәтерінде адамзат тарихының ең қайғылы беттерінің бірі – құлдық құрбандарына арналған «Қайту кемесі» («Ark of Return») тұрақты ескерткіші ашылды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Әлемде27 Наурыз , 18:01

Ашылу рәсімі құлдық пен трансатланттық құл саудасының құрбандарын еске алу халықаралық күніне орай ұйымдастырылды.Қазақстан Африка, Латын Америка және Кариб елдерімен ниеттес екенін білдіріп, тұрақты ескерткіштің құрылуын қаржыландыруға өз үлесін қосты.

«Ескерткішті құрастыру жұмыстары бірнеше жыл бұрын басталды. 2009 жылы БҰҰ арнайы халықаралық комитетін құрып, ең үздік жоба тандауын жариялады. 2013 жылы Комитет 83 мемлекеттен келіп түскен 310 жобалар арасынан Гаитиден шыққан американдық сәулетші Родни Леонның жұмысын таңдады», - делінген хабарламада.

Тарихта орын алған ең ауқымды мәжбүрлі миграцияның құрбандары - 15 миллионға жуық ерлер, әйелдер мен балаларды еске алу үшін халықаралық қауымдастық сонғы жеті жыл бойы 25 наурызды құлдық және трансатланттық құл саудасының құрбандарын еске алу халықаралық күні ретінде атап өтеді.

Халықаралық күннің биылғы басты тақырыбы - «Әйелдер және құлдық» болып бекітілген. Бұл күні БҰҰ қабырғасында ауыр қиындықтарға қарамастан Африка мәдениеттін сақтап, келесі ұрпаққа жеткізген әйелдердің күш-жігері мен батылдығы еске алынды. БҰҰ Бас Хатшысы Пан Ги Мун өз жолдауында құл болған әйелдердің жанұяларының және қауымдарының абыройын қорғауға басты септігін тигізгенін атап өтті.

«Қайту кемесі» ескерткішінің авторы Родни Леон өзінің шығармашылық еңбегінде құлдар мен құл иеленушілікке қарсы күрескерлердің батырлығын мадақтап бейнеледі. Ескерткіш трансатланттық құл саудасының 400-жылдық тарихын, және сауда құрбандарының ұрпақтарының әлі күнге дейін көрген зардаптарын көрермендердің есіне салады.

Халықаралық күнге орай Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Бас Ассамблеясының арнайы мерейтойлық отырысы өткізіліп, Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов сөйлеген сөзінде Қазақстанның нәсілдік, этностық, ұлттық және басқа кемсітушілікке кез келген түрінде жол бермеу кағидаттарын толықтай қолдайтынын растады.

 




Яндекс.Метрика