Үкімет

Премьер-Министрдің орынбасары Кореяның денсаулық сақтау саласының өкілдерімен кездесті

Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Корея Республикасынан келген делегация өкілдерімен кездесті. Аталмыш делегация құрамында осы елдің Каннам Северанс клиникасы, Денсаулық сақтау индустриясы мен халықаралық денсаулық орталығының жетекшілері бар, деп хабарлайды primeminister.kz.
Астана қаласы27 Наурыз , 09:26

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Корея арасында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық серпінді дамып келе жатқандығын атап өтті. Екі елдің денсаулық сақтау саласы ведомстволары өкілдерінің арасында қол қойылған екіжақты Меморандумдардың арқасында Кореяның клиникаларында қазақстандықтар тұрақты емделіп тұрады, сондай-ақ олар қазақстандық мамандарды оқытумен айналысуда.  

«2014 жылдың желтоқсан айында Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-де Каннам Северанс клиникасымен бірлескен диагностикалық орталық ашылды. Аталмыш клиникамен қазіргі таңда әсіресе Шығыс Қазақстан облысының өкілдері белсенді байланыста жұмыс істеуде. Бұл аймақта кореялық дәрігерлер шеберлік-сабақтарын өткізіп,  Шығыс Қазақстан облысының жайсыз аймақтарында тұратын науқастар мен азаматтарды қабылдап, консультациялық көмектер көрсетуде. Бұған қоса, Өскемен қаласының реабилитация орталығына қажетті мамандар дайындалып, облыстық ауруханаға өте қымбат диагностикалық құрылғы тарту етілді.  Биылғы жылы Қазақстанға кореялық клиниканың жетекші дәрігерлері келіп, күрделі операцияларды тегін жасап бермекші»,-делінген хабарламада.

Кездесу барысында сонымен қатар екіжақты ынтымақтастықтың болашағы, соның ішінде медициналық орталық салу мен еліміздің аймақтарындағы жедел жәрдем  жүйесін жаңғырту бағытында жүзеге асырылуы қажет бірнеше жобаларға қатысты да мәселелер сөз болды. 




Яндекс.Метрика