Сайлау-2015

Астанада ҚР Президенттігіне үміткер Ә. Құсайыновтың сайлауалды штабы өз жұмысына кірісті

Бүгін Астанада Президенттікке үміткер үш кандидаттың бірі - Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновтың да сайлауалды штабы өз жұмысын бастады.
Астана қаласы26 Наурыз , 20:15

Әбілғазы Құсайынов сайлауалды штабының басшысы қызметін Рүстем Жоламан атқармақ. 

«Бүгіннен бастап біздің кандидат Әбілғазы Қалиақпарұлының штабы жұмысқа кірісті. Алдымызда біраз жұмыстарымыз бар. Жоспар бойынша біз де жер-жерге баруымыз керек. Яғни әр сайлаушыға өз платформамызды жеткізуіміз керек. Одан кейін үгіт-насихат жұмыстарымызды барлық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізуіміз керек. Менің ойымша, дұрыс нәтижеге жетеміз», - деді ҚР Президенттігіне кандидат Ә. Құсайыновтың сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан.

Қазақстандықтар таза ауамен демалып, таза ауыз суын ішуі керек. Әбілғазы Құсайынов өзінің сайлауалды бағдарламасын дәл осы экология мәселесінен бастап, сол арқылы азаматтардың жайлы өмірге қол жекізуін негізге алған. 

Сонымен қатар, ол өндіріс кешендеріне қатаң бақылау жүргізген жөн дейді. Өйткені елімізде қарқынды дамып жатқан өндіру және өңдеу өнеркәсіптері қоршаған ортаға үлкен залал келтіруде.

Мәселен соңғы 5 жылдың өзінде өндіріс қалдықтарының көлемі еселеніп өскен. Оның біраз бөлігі улы болып табылатыны анық. Құсайынов өз бағдарламасында осы мәселелерге жіті мән беріп, өнеркәсіп саласындағы техникалық талаптарды қатаң бақылауды қолға алу керектігін айтып отыр.  

Үгіт-насихат тобының міндеті – насихат жұмыстарының заң аясында өтуін қадағалап, тиісті іс-шаралар ұйымдастыру. Сонымен қатар барлық сайлау бөлімшелері бойынша кандидаттың сенімді өкілдерінің жұмысын үйлестіру. Үміткердің сайлауалды тұрынмасындағы басты тақырыптардың бірі – экология мәселесі.

Астанадағы іскерлік орталықтардың бірінде орналасқан штаб ең негізгі қызметті атқарады. Яғни кандидаттың өңірлердегі сенімді өкілдері тікелей осы жердің пәрмені бойынша жұмыс жасайды. Қазірдің өзінде олардың сайлауалды бағдарламасы мен үгіт-насихат жоспары жан-жақты талқыланып, бір жүйеге келтіріліп қойылған. Бүгіннен бастап енді оны жүзеге асыра бастайды.    

Ал, 26 наурыз бен 24 сәуір аралығында республикалық және өңірлік штабтар ұйымдастырушылық жұмыстарды жүргізуді жоспарлауда. Оның ішінде аймақтарда сайлаушылармен кездесу де жоспарланған. БАҚ-тарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қарастырылған.

Президенттікке өз-өзін ұсынушы Әбілғазы Қалиақпарұлы Орталық сайлау комиссиясына нөмірі 3 кандидат ретінде тіркелген. 

Айта кетейік, Әбілғазы Құсайынов еңбек өтілінің әр жылы мемлекеттік лауазымдарды атқарды. Соның ішінде министр, вице-министр, комитет төрағасы сияқты қызметтердің де тізгінін ұстаған. Ал, 2012-2013 жылдары Қарағанды облысының әкімі болды.

Үміткердің сайлауалды штабы бүгін жұмысқа кірісті. Ал ертеңнен бастап Презитенттікке кандидат Әбілғазы Құсайынов сайлауалды үгіт-насихат аясында аймақтарды аралайды. 

 

 




Яндекс.Метрика