Үкімет

Елбасы ОҚО-дағы «Аделя» шаруа қожалығының жылыжай кешенін аралады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ОҚО-дағы «Аделя» шаруа қожалығының жылыжай кешенін аралады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Оңтүстік Қазақстан26 Наурыз , 20:51

Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында көкөніс өндірумен айналысатын республикадағы ірі жылыжай кешенінің жұмысымен танысты.

 Қазақстан Президенті сондай-ақ облыстың кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштерін атап өтті.

« Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қаражат бөлуде. Бес жылда өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс өндірілді. Қазақстанда мұндай жоғары көрсеткіштері мен табиғи жағдайлары бар басқа өңір жоқ. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарамызды ашып жатырмыз. Осыған байланысты бізге өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз ету қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы елімізде көлік инфрақұрылымын дамытудың қажеттігіне де назар аударды.

«Егер елде жақсы жолдар болмаса, сауда дамымайды, сәйкесінше экономика да өркендемейді. Сондықтан біз қазір елдің барлық өңірінде көлік желілерін салып жатырмыз, мыңдаған жұмыс орындары ашылуда. Әр өңірдің алдына нақты міндеттер қойылған, соны орындау жұмыстарын жалғастыру қажет», – деді Қазақстан Президенті..

Аграрлықтар Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта бизнес кәсіпорындарына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.

 Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылған «Аделя» шаруа қожалығының жылыжай кешенінің өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна өнім өндіруге жетеді. Кәсіпорында шамамен 200 жаңа жұмыс орны құрылған.

Жылыжай кешенін басқару толығымен автоматтандырылған. Нысан француздық «Rishel» компаниясының заманауи жабдықтарымен жабдықталған. 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика