Сайлау-2015

ҚР Президенті сайлауының қарсаңында телефон арқылы сауалнамалар жүргізілетін болады

Қазақстандағы кезектен тыс Президент сайлауы барысында тұрғындар арасында телефон арқылы бірнеше сауалнама жүргізілетін болады, деді Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында.
Астана қаласы26 Наурыз , 13:48

«Біз Zakon.kz ақпараттық порталымен бірлесіп, тұрғындар арасында телефон арқылы бірқатар сауалнамалар жүргізбекшіміз. Аталмыш сауалнамаларды біз апта сайын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарды біз наурыздың 20-нан бастадық. Жақына күндерде олардың нәтижелерін білеміз деген ойдамын. Ал, сәуір айында, нақтырақ айтқанда, 1-6, 8-14, 15-19 сәуір аралығында біз бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін өзіміздің жүргізген жұмыстарымыздың нәтижелерінен тұрақты хабардар етіп отырамыз. Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық аймақтарының телефон желісімен қамтылғандығын ескерсек, біз қолданып отырған тәсіл жедел ақпарат алуға зор мүмкіндік береді»,-деді А.Сәдуақасова.

Оның сөзінше, аталмыш зерттеулер қалың көпшіліктің алдағы өтетін сайлаудан қаншалықты хабардар екендігін анықтап, еліміздің азаматтарының осы сайлауға деген көзқарастары мен олардың жауапты науқанға дайындық барысын білуге мүмкіндік береді. «Жалпы қазақстандықтардың бүгінгі көңіл-күйі жақсы»,-деді Әлеуметтік-зерттеулер институтының директоры.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 25-ші наурыз күні ҚР Президенттігіне кандидаттарды тіркеуді аяқтады. Осылайша, еліміз бойынша ҚР Президенттігіне кандидат болып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов және Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайынов тіркелді. 26-шы наурыздан бастап тіркелген кандидаттар сайлауалды үгіт науқанына кірісе алады.   

Камила Амирова

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика