Адами капитал

Ақтөбе облысында «Жаса Наурыз, дәстүрлі» атты тарихи-танымдық шара өтті

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі 22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күніне орай «Жаса Наурыз, дәстүрлі» атты танымдық шара және «Наурыз – ұлт құндылықтарының бастауы» тақырыбында ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырып өткізді, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.
Ақтөбе26 Наурыз , 14:32

Шараның мақсаты, өскелең ұрпаққа қазақ халқының ұлы мерекесі - Наурыз мейрамы және ұлттық тағамдар жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт-дәстүрлерін бойларына дарыту арқылы шынайылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, оларға ұлттық құндылықтарымызды таныту.

Облыстық музейдің аға ғылыми қызметкері өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай жастарды Наурыз мерекесінің шығу тарихымен таныстырып, оның маңыздылығына тоқталды. Салт – дәстүрлер мен әдет – ғұрыптар туралы кеңінен мағлұматтар беріп, ұлттық тағамдардың, Наурыз көженің құндылығы туралы жан – жақты айтып берді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары А.Ержанов айтқандай, музей қызметкерлері ертедегі Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушы, береке-молшылық Тәңірісі – Ұмай ана, Қыдыр баба, Үтбике, Әзмырза атты мифологиялық кейіпкерлерді сомдап, этнографиялық қойылым көрсетті.

Этнографиялық қойылым барысында «Көрісу», «Бұлақтың көзін ашу», «Аластау», «Қыдыр атаны күту», «Наурыз бата», «Ұйқыашар», «Селт еткізер», «Саумалық» айту т.б. Наурызға байланысты салт-дәстүрлер көрсетіліп, әдет – ғұрыптар жасалды. Қойылым барысында ұлттық ойындар ойналды, жұмбақ шешіп, ән – жыр айтылды.

«Наурыз – ұлт құндылықтарының бастауы» тақырыбында ұлттық тағамдар көрмесіне қазақтың ұлттық тағамдары: тары, талқан, бидай, сары май, қаймақ, шұбат, сүзбе, қазақы ет қойдың басымен, айран, жент, сүт, бауырсақ, жеті нан, Наурыз көже т.б. қойылды. Көрме бойынша экскурсия жүргізіліп, мазмұнды мағлұматтар берілді.
Облыстық ХШҮ – нің әншісі Құралай Әленова «Отырардағы той» әнімен шараның шырайын келтірді.

Ақтөбе қаласы «Болашақ» ауданы балалар және жасөспірімдер шығармашылық Үйінің оқушылары Ержанова Айнагүл Жұмаханқызының жетекшілігімен А.Еңсеповтің «Балбұлақ», С.Құсайыновтың «Мереке» күйлерін нақышына келтіріп орындап, үлкендерден «Наурыз бата» алды.

Шараға мәдениет және музей қызметкерлері, Ақтөбе кооперативтік, көлік және коммуникация колледжінің студенттері мен оқытушылары, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.




Яндекс.Метрика