Өңірлер

Ақтөбе облысында іскер әйелдер кеңесі құрылды

Ақтөбе облысының өңірлік Кәсіпкерлер палатасында облыстың іскер әйелдер кеңесінің алғашқы отырысы болды, деп хабарлады Ішкі саясат басқармасы.
Ақтөбе26 Наурыз , 12:13

«Біз бүгін құрылып отырған кеңестің облыстың іскер әйелдерін біріктіретін көпір болғанын қалаймыз. Басты назар әйелдердің экономикалық тұрғыдан алға жылжуына аударылады, әсіресе, ауылдық жерлерде.  Атап айтсақ, ісін енді бастап жатқан кәсіпкерлер үшін оқыту тренингтері, семинарлар  ұйымдастырылатын болады», - деп атап өтті ҚР ҰКП президиумы төрағасы хатшылығының басшысы Ләззат Рамазанова отырыстың ашылуында.

Іскер әйелдер кеңесін «Қазақстан халық банкі» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Апуажан Төлегенова басқарады, ол әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бар күш-жігерін жұмсауға уәде берді. 

«Кең көлемде зерттеулер жүргіземіз, соның аясында әйелдер кәсіпкерлігінің өңірлік ерекшеліктері анықталып, өсу қарқынын байқаймыз, сонымен қатар оның әлсіз тұстарын да анықтайтын боламыз», - деді ол. 

 «Ақтөбе облысының іскер әйелдерінің кеңесі әйелдерді кәсіпкерлік қызметке тарту, біздің қоғамның барлық саласындағы гендерлік көрсеткіштерді жақсарту механизмдерінің бірі болады», - деді Ләззат Рамазанова отырысты қорытындылай келе. 

Еске салсақ, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қаржылай құралдар мен жаңа технологияларды тиімді қолдану арқылы әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру міндетін қойып отыр, ол үшін Қазақстанның барлық облыстарында іскер әйелдердің өңірлік кеңесі құрылатын болады.  Ақтөбеде ашылған кеңес елдегі үшіншісі, бұған дейін Атырау мен Таразда ашылды.




Яндекс.Метрика