Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

Бас прокуратура ҚР Президенттігіне кандидаттар жүргізетін сайлау алдындағы үгiт-насихат жұмыстарының өту барысын түсіндірді

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 2015 жылғы 26 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына байланысты прокуратура органдары конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес барлық сайлау процесінің қатысушыларымен сайлау туралы заңнаманың дәл және бірыңғай қолданылуына жоғарғы қадағалауды жүзеге асыратынын мәлімдейді, деп хабарлады ведомство.
Астана қаласы26 Наурыз , 09:33

«Адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заңдылықты сақтау, заң бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың назарын сайлау алдындағы іс-шараларға қатысты келесі заңнама нормаларына аударамыз», - делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 26.02.2015 жылғы №5/262 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дайындалу және өткізу бойынша негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарына сәйкес, бүгін сайлау алдындағы үгіт басталды, ол 2015 жылғы 24 сәуірде сағат 24-те аяқталады.

Сайлау алдындағы үгiт – бұл сайлаушылардың белгiлi бiр кандидатты, саяси партияны жақтап немесе қарсы дауыс беруге қатысуына түрткi болу мақсатындағы қызмет («Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27-бабының 1-тармағы, бұдан әрі – Конституциялық заң).

«Конституциялық заңның 27-бабының 3-тармағына сәйкес сайлау алдындағы үгiт бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, баспа, дыбыс-бейне және өзге де үгiт материалдарын шығару және (немесе) тарату жолымен жүзеге асырылады. Сайлау алдындағы үгiт заңнамада белгiленген тәртiппен және Конституциялық заңда тыйым салынбаған сайлау алдындағы жария iс-шаралар (сайлаушылармен жиналыстар және кездесулер, жария пікір таластар мен пiкiр алысулар, митингiлер, шерулер, демонстрациялар және өзге де жария іс-шаралар) арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін», - делінген хабарламада.

Бұл ретте, Конституциялық заң бұқаралық ақпарат құралдарын кандидаттардың сайлау науқанын объективтi көрсетудi жүзеге асыруға, кандидаттың ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне көрiнеу нұқсан келтiретiн үгiт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан аулақ болуға мiндеттейді.

Президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы бағдарламаларында Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгерту, оның тұтастығын бұзу, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiру, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыру, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұру, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құру идеялары уағыздалмауға тиiс (Конституциялық заңның 29-бабы).

Дегенмен, Конституциялық заңның 28-бабының 1-тармақшасына сәйкес Конституциялық заңға сәйкес сайлау қорларын құрмайтын азаматтар, қоғамдық бiрлестіктер қаржыландыруды талап етпейтiн сайлау алдындағы үгіт жүргiзуге құқылы.Дей тұрғанымен, кандидатқа сайлау алдындағы үгітті жүргiзуге байланысты қызмет көрсететiн жеке және заңды тұлғаларда Конституциялық заңның 28-бабының 7-тармағына сәйкес оның осы қызметтердi қабылдауға жазбаша келiсiмi болуға тиiс.

Жоғарыда келтірілген заңнама нормаларын түсіндіре отырып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы барлық жеке және заңды тұлғаларды, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын сайлау процесі барысында, соның ішінде сайлау алдындағы үгітті немесе жария іс-шараларды заңсыз өткізуге жол бермеу бөлігінде заңдылықты мүлтіксіз сақтауға шақырады.




Яндекс.Метрика