Өңірлер

Оңтүстік Қазақстан облысында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды

Түркістан қаласында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев қатысты.
Оңтүстік Қазақстан26 Наурыз , 09:13

700 шаршы метрді алып жатқан екіқабатты ғимаратта жер қатынастары, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығы және құрылыс, аймақтық кәсіпкерлік палатасы, банктер мен қаржы институттары сияқты органдардың мамандары қызмет етуде. Осылайша кәсіпкерлерге арналған барлық қызметтер бір жерге топтастырылып, олар қызметтерін «бір терезе» қағидаты бойынша тегін көрсетуде, деп хабарлайды Ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері.

«Мұнда кәсіпкерлерге бизнес-жоспарлар құрып, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде түсіндіріп, қандай да бір көздерден қаржы алу кезінде қажетті атқарылуы тиіс жұмыстар жөнінде қажетті ақыл-кеңестер беріледі. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында заңгер мен  есепшінің көмегі және кедендік, салықтық төлемдер сияқты барлығы 20 түрлі бағыт бойынша консультативті қызмет көрсетіледі»,-делінген хабарламада.  

Бұған қоса, бизнесті жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлерге кәсіпкерлікті қалай жүргізу керектігі, іскерлік жоспар, менеджмент, маркетинг сияқты барлық бағыттар бойынша оқу-үйрету бағдарламалары ұсынылады. Бағдарламада осы уақытта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметі негізінде тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сыныптарын өткізу жұмыстары жоспарланған.

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнес-мектеп жұмыс істеуде. Онда аймақтық палата өкілдерімен бірлескен түрде кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау жұмыстары жүргізіледі.     

 

 

 

 

 




Яндекс.Метрика