Адамзаттық капитал

Алматыда Наурыз мейрамына 100 мыңнан астам адам қатысты

Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар Алматының орталық мәдениет пен демалыс бағында өтті. Алматы мен қалаға келген қонақтарға Наурыз мерекесінің тарихы мен салт-дәстүрлерінен театрландырылған көрініс ұйымдастырылды. Мерекеге 100 мыңнан астам адам қатысты, деді қалалық әкімдік өкілдері.
Алматы қаласы 23 Наурыз, 14:28

Қала әкімі Ахметжан Есімов шаһар  тұрғындарын ежелгі мерекемен құттықтап, оларға бақыт пен шаттық тіледі. Алматы әкімі халықтың бірлігі мен ынтымағының және өзара түсіністігінің аса маңызды құндылық болып табылатындығын атап өтті.

«Көктемнің шуақты күндерінің бірінде келетін аталмыш мереке – табиғат ананың оянатын уақыты, адамзат баласының осы табиғаттың алдында басын иіп, оның ұлылығына тамсанатын мейрам және ол жаңа жылдың, жаңа өмірдің бастауы. Біздің елімізде ол Қазақстанда өмір сүретін барлық халықтар мен ұлттардың ерекше атап өтетін мерекелерінің біріне айналды. Бұл мереке – біздің полиэтникалық, көпконфессионалды қоғамымыздың рухани және мәдени тұрғыда дамуына өлшеусіз үлес қосады»,-деді А.Есімов.  

Сондай-ақ ол сөзінде Наурыз мерекесінде ерекше атап өтетін жаңалықтардың бірі ретінде орталық мәдениет пен демалыс саябағының  мемлекет иелігіне қайтарылуын атап өтті.

«Бүгін біз Наурыз мерекесін ерекше қуанышты жағдайда атап өтіп отырмыз. Өткен жылы біз мәдениет және демалыс саябағын қайта жөндеп, абаттандырдық, 2 мыңнан астам ағаштар мен тал-тарақтар, гүлдер отырғыздық. 350 орынға арналған ыңғайлы көлік тұрағын жасадық. Бұл бағыттағы жұмыстар орталық паркте биыл да жалғасатын болады»,-деді қала әкімі.

Бұған қоса шаһар басшысы 2015 жылы атқарылатын Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына, Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын арналған шаралар туралы айтып өтті. Мерекелік шара әйгілі өнер майталмандарының қатысуымен өткен концертке ұласты. 30 киіз үй тігіліп, оның айналасында шеберлер жәрмеңкесі өтіп, наурыз көже мен палау, бауырсақтар таратылды. Шығармашылық ұжымдар әртүрлі халықтардың билері арқылы Қазақстанның әралуандылығын паш етті.   

 

   





Дерекнама

Яндекс.Метрика