Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

ҚР ОСК-да БАҚ өкілдеріне сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу бойынша семинар өтті

Орталық сайлау комиссиясында БАҚ басшыларымен сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу және сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру қағидаларын сақтау мәселелері бойынша семинар болды, деп хабарлады ОСК.
Астана қаласы20 Наурыз , 13:05

Ортсайлауком мүшесі Л.Ж. Сүлеймен негізгі баяндама жасады. Атап айтқанда ол бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін сайлау кезеңінде БАҚ қызметін ұйымдастыруға қатысты сайлау заңнамасының ережелері, кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыруының тәртібі мен шарттары туралы ақпараттандырды, сайлау науқанының барысын жария етудің негізгі қағидаларына аса назар аударды. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары кандидаттардың сайлау науқанын әділ жариялауды жүзеге асыруға, олардың БАҚ-қа тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс екені атап көрсетілді. 

«БАҚ қызметін сайлау алдындағы үгіт кезеңінде реттеу сайлау науқанының ашықтығын, жариялылығын әрі әділдігін қамтамасыз ететін маңызды бөлігі болып табылады. Сайлауды өткізуге жауапты мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар әр түрлі БАҚ редакцияларымен бірлесіп сайлау заңнамасы талаптарының сақталуын бақылаудағы күштерін біріктіруге тиіс» деп мәлімдеді Ортсайлауком мүшесі. 

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Т.Б. Қазанғап сайлау заңнамасы нормаларының бұзылуы фактілерін уақтылы анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы жөніндегі сайлау науқанына арналған БАҚ материалдарына мониторинг ұйымдастыру мен жүргізу жөніндегі уәкілетті органның қызметі туралы айтты, сондай-ақ сайлау науқаны процесіндегі және оның барысы туралы жұртшылықты ақпараттандырудағы БАҚ-тың маңызды рөлін атап өтті. 

Бас прокуратураның өкілі үгіт науқанын құқықтық реттеу мәселелерін сипаттап берді, сондай-ақ аталған мәселе бойынша құқық қолдану тәжірибесі туралы айтты. 

Сайлау алдындағы үгітті жүргізу құқығына кедергі келтіргені және сайлау алдындағы үгітті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізу шарттарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленгендігі, ал сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу әкімшілік жауапкершілікке, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты тіркеуден бас тартуға немесе оны тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғатыны ерекше атап өтілді. 

Пікір алмасу барысында сайлау заңнамасы нормаларының сақталуын тиімді қамтамасыз ету және бұқаралық ақпарат құралдарының сайлау науқанын жариялау немесе сайлау алдындағы үгітті жүргізу кезінде сайлау туралы заң талаптарын бұзушылықтарды анықтаудың және болдырмаудың жолдары мен әдістері тәжірибеден алынған мысалдар арқылы қаралды. 

Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері БАҚ-тың сайлау органдарымен және учаскелік сайлау комиссияларымен әрі сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл тетіктеріне қатысты өздерінің ұсыныстары мен тілектері туралы айтты, сайлау алдындағы үгітті БАҚ-та жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін сайлау заңнамасының нормаларын іске асыру әдістерін талқылады. 




Яндекс.Метрика