Үкімет

Қазақстан мен Белоруссия басшылары ынтымақтастықтың маңызды және әлеуетті мәселелерін талқылады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы19 Наурыз , 20:19

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономика, инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасының негізгі мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Александр Лукашенко халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті екіжақты ынтымақтастық аясында елдеріміз қол жеткізген барлық уағдаластықтар табысты орындалып жатқанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы екі елдің көптеген бірлескен кәсіпорындары жұмыс жүргізіп жатқанына назар аудара келіп, бұл істің алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Беларусь Президентінің Украина дағдарысын реттеу ісіндегі үлесіне тоқталып өтті.

«Орын алып отырған тайталастың ешкімге пайда бермейтіні жөніндегі біздің ұстанымдарымыз толығымен үндеседі», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті үш мемлекет басшысының алдағы кездесуі ынтымақтастықтың қазіргі кездегі өзекті және перспективалық мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.

А.Лукашенко өз кезегінде екіжақты сауда-экономикалық өзара іс-қимылды бұдан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.




Дерекнама

Яндекс.Метрика