EXPO-2017

ЭКСПО-2017 құрылысы белгіленген мерзімнен алда келеді – Лоссерталес

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің құрылысы белгіленген мерзімнен алда келеді, деді бүгін Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-мәслихатында.
Астана қаласы19 Наурыз , 16:33

Естеріңізге сала кетейік, ХКБ Бас хатшысы В.Лоссерталес ЭКСПО-2017 көрмесінің құрылыс нысандарымен танысу мақсатында ресми сапармен Астанада жүр. 

Екікүндік сапары барысында ол көрме кешенінің құрылысымен танысып, онымен айналысып жатқан ұлттық компания өкілдерінің көрмеге дайындық жұмыстары жөніндегі мәліметтерін зерделеді. Сондай-ақ Бас хатшы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовпен және Астана әкімі Әділбек Жақсыбековпен жүздесті. 

«Көрмеге дайындық жұмыстарын алдын ала белгіленген жоспарға сай жүргізіп келеміз,  кейбір мәселелерді тіпті жоспардан ерте атқаратынымызды атап өткім келеді. Жылдың соңында құрылыс алаңы айтарлықтай жетіліп қалады. Одан әрі барлық қажетті қызметтер мен оған қатысушылардың ұсыныстары негізінде тақырыптық павильондарды толықтыру жұмыстары жүргізіледі»,-деді В.Лоссерталес.

ХКБ-ның басшысының пікірінше, ЭКСПО қалашығының құрылысы өте жақсы жүріп жатыр. «ЭКСПО-2017 аймағындағы құрылыстардың қарқыны жөнінде айта келе, құрылыс алаңында тіпті қыс мезгілінде де айтарлықтай жұмыстардың атқарылғандығын атап өту керек», - деді мейман.  

Сонымен қатар ол  2015 жылдың соңына қарай көрмеге қатысушыларды тарту жұмыстары аяқталатындығын жеткізді. 

Камила Амирова




Дерекнама

Яндекс.Метрика