«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша әлеуметтік жалға берілетін үйлердің кілттері табыс етілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты Жолдауы бойынша әлеуметтік жалға берілетін пәтерлердің кілттері табыс етілді.
Астана қаласы 19 Наурыз, 12:24

Аталмыш шара бір мезгілде еліміздің Астана, Алматы, Көкшетау, Қостанай, Семей қалаларында да өтті. 

Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама аясында берілетін кілттердің саны 1 мың 357-ні құрап отыр. Оның 50  пайызы жас отбасыларына бөлінсе, қалғаны бюджеттік мекеме қызметкерлеріне, мемлекеттік қызметкерлер мен көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар, сондай-ақ ата-анасынсыз қалған балаларды тәрбиелеп отырған, асыраушысы жоқ отбасылар мен оралмандар және әскери қызметкерлер арасында бөлінді.

Аталған тізімдегі азаматтардың барлығы жергілікті атқару ұйымдарының тізіміне сәйкес, төлем қабілеттерін нақтылау мақсатында Қазақстанның ипотекалық компаниясына жолданды.

Астана қаласындағы Сығанақ көшесінің бойында орналасқан тұрғын -үй кешенінде жалпы көлемі 7,6 мың шаршы метр пәтер берілді. Бағдарламаға сәйкес, елордадағы баспананың 1 шаршы метрінің құны 1 мың 110 теңгені құрайды. Пәтердің орташа көлемі 68 шаршы метр.

Ал, Алматы қаласына 803 пәтер бөлінеді. Түрксіб ауданындағы тұрғын-үй кешенінде 95 пәтер және Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын-үй кешенінде 708 пәтер бар. Үйдің жалпы көлемі 43,5 мың шаршы метр. Бағдарлама бойынша, Алматы қаласында баспананың 1 шаршы метрінің құны 1 мың 120 теңгені құрайды. Пәтердің орташа көлемі 50 шаршы метр.

Пәтер кілттерін табыс ету шарасы 2015 жылдың 31-ші наурызына дейін жалғасады. «Бәйтерек» холдингі мен оның еншілес құрылымдары, сондай-ақ «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы 490 мыңға жуық шаршы метр көлеміндегі тұрғын-үй кешендерін салуды жоспарлап отыр. Бұл шамамен 9 мың 740 пәтер.

Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында жергілікті атқару ұйымдарында кезекте тұрған азаматтар үшін 1 мың 483 мың шаршы метр, яғни 29 мың пәтер беру жоспарланып отыр.     





Яндекс.Метрика