Өңірлер

Қазақстанда жасалған: «Сағып» ШҚ қымызды автоматты құю цехын іске қосты

Павлодар облысының «Сағып» шаруа қожалығында қымызды автоматты құю цехы іске қосылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Павлодар19 Наурыз , 14:03

2014 жылы аталған шаруа қожалығына мемлекеттік қолдау аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы қымызды автоматты құю цехы жобасы құрылысын қаржыландыруға 66 млн. теңге бөлінді.

«Бұл кәсіпорын қысқа уақыт ішінде қымыз өндірісін дамытып, нарықтан өз орнын тапты. «Сағып» шаруа қожалығының қымызы тұтынушылар тарапынан жоғары бағасын алды, үздік өнім ретінде танылды», - деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда «Сағып» ШҚ құтыға құйылған қымыз өндірісін дамыту жолында. Қымызды арнайы құтыға құйып сатып іске асыру жұмысын 2011 жылы басталған. Сол жылда бұл жоба «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қолдау тапты.

«Сағып» фермасында мол тәжірибесі бар 26 жұмысшы еңбек етуде. Қымызды автоматты құю цехы қажетті жабдықтармен толық қамтылған. Цех қымыз құятын құтыларды да жасап шығарады. Қымыз құю технологиясы автоматтандырылған, барлық жабдықтар заманауи технология бойынша жұмыс жасайды.

Қымыз цехы тәулігіне 5 тоннадан аса қымыз өндіреді. Ұлттық сусын 0,3, 0,5 және 1,0 литрлік шыны құтыларға құйылады. 2015 жылдың қаңтары мен ақпаны аралығында 42 тоннадан аса қымыз сатылымға шығарылды.

«Сағып» ШҚ өз өнімдерін түрлі көрмелер мен жәрмеңкелерде ұсынып келеді. ШҚ өнімі Қазақстан агроөнеркәсіп кешенінің табыстары атауымен ұйымдастырылған «Қараөткел жәрменкесі-2012» жәрмеңке-байқауының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, өткен жылы «Сағып» ШҚ Мәскеуде өткен қазақстандық тауарлар мен өнімдер көрмесіне де қатысты. Осы көрме қорытындысы бойынша Ресей Федерациясы нарығына қымызды сатып іске асыру бойынша меморандумға қол қойылды.

Қымыз цехында ұлттық сусынмен бірге қазы, шұжық, құрт, қоспа, сүзбе, қаймақ өндіріледі. Ферма аумағында мал сою алаңы бар. Цех мамандары ет пен сүт өнімдерінен қазақтың ұлттық дастарханы тағамдарын да әзірлейді.

Болашақта ұлттық сусынды ТМД және Еуропа елдері нарығына шығару жоспарланып отыр.

 

 




Яндекс.Метрика