Мәдениетті жаңғырту

Қазақстанда «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы басталды

Қазақстанда «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы басталды , деп хабарлады ҚР Ұлттық музейінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы19 Наурыз , 09:53

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев «Ұлттық музейге сый тарту» акциясына қатысты. Акцияның алғашқы қатысушылары мұражайға белгілі тұлғалар қолданған құнды жәдігерлер, тарихи артефакттар мен естелік заттарды тапсырды. Бұл игі бастаманы қолдау мақсатында танымал мәдениет және ғылым қайраткерлері, белгілі спортшылар, көрнекті тұлғалардың ұрпақтары келді. 

Еліміздің бас мұражайында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы басталды. Акция азаматтарды тарихымызда аты алтын әріппен жазылып қалған танымал тұлғалардың жеке заттары мен тарихи жәдігерлерін музей қорына тапсыруға, ұлттық тарихи-мәдени мұрамызды жинақтауға үгіттейді.    

Жеке тұлғалар сақтауға тапсыратын мәдени құндылықтар мұражай қорын қалыптастырудың басты көзі болып табылады. Осындай отбасылық жәдігерлерді мұражайға сыйға тарту мен тапсырудың арқасында әлемнің көптеген жетекші мұражайлары өз қорларын молайтып, толықтыра түсті. 

«Қоғамның назарын халықтың тарихи-мәдени мұрасын сақтау мәселесіне аударуымыз қажет. Республикамыздың барлық тұрғындары бұл акцияға бей-жай қарамай, біздің бірегей ұлттық мәдени құндылығымызды құру идеясын қолдайды деп сенемін» - деп атап өтті Б. Сапарбаев акция ашылуында.

Мұражай қызметкерлерінің хабарлауынша, сыйға тартылатын барлық жәдігерлер барлық заңдардың сақталуымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне табысталатын болады. Жылдың соңында «Ұлттық музейге сый тарту» акциясы қорытындысы бойынша мұражайда жинақталған жәдігерлер қойылған көрме қоғам назарына ұсынылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Ұлттық музей Қазақстан Республикасының мәдени саясатының тұжырымдамасы аясында ірі халықаралық және республикалық бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Олардың қатарында «Әлемдік мәдениет және заманауи өнері» халықаралық жобасы, «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» республикалық жобасы бар. Аталған жобалар Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын насихаттауға, мұражай ісін дамытуға бағытталған.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика