EXPO-2017

ХКБ-ның Бас хатшысына «ЭКСПО-2017» көрмесінің тақырыптық павильондарының дизайны көрсетілді

Кезекті ресми сапары барысында Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ оған павильондардың дизайны мен өзге де ұйымдастырушылық мәселелер жөнінде айтылды, деп хабарланды ұлттық компаниядан.
Астана қаласы18 Наурыз , 20:47

Тәуліктің бірінші жартысында В.Лоссерталес көрме өтетін аймақты аралап, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің жобаның жүзеге асырылу барысы жөніндегі баяндамасымен танысты.  

«Біз белгіленген жоспардан озып келеміз. Биылғы қыста құрылысшылар құрылыстың іргетасын қалап, кейбір павильондарда метал құрылыстары жөнделуде. Ал, кейбіріне әйнек салынуда. 3 мың 500 құрылысшы құрылыс жұмыстарын уақытында бітіретіндіктерін айтып отыр. Біз құрылысты 2016 жылдың соңында аяқтайтын болғанбыз. Бірақ қазір бұл жоспарды тамыз айының соңы мен қыркүйектің басына жоспарлап отырмыз»,-деді Талғат Ермегияев.

«Мен таң ата құрылыс алаңдарын аралап, мұндағы тәртіп пен ұйымшылдықпен атқарылып жатқан жұмыстарға таң қалдым. Шеберлік-жоспары өте жақсы жасалған және ол ЭКСПО көрмесі аясында жоспарланған мерзімдерге дәлме-дәл келеді»,-деді ХКБ басшысы.

Бұдан соң Бас хатшыға тақырыптық павильондардың дизайны мен болашақтың энергиясы форумының үздік тәжірибелер аймағы  көрсетілді. Бұл көріністерге разы болған мейман «әдемілікке қызығып, шараның негізгі идеясын жоғалтып алмауды назарда ұстау қажет»,-деді.

Бұдан бөлек ХКБ Бас хатшысы тұжырымдаманың жекелеген бөліктеріне қатысты өзінің идеяларымен бөлісті. Оның пікірінше, болашақтың энергиясы аясында тек баламалы энергияны ғана назарда ұстауға болмайды. «Болашақтың энергиясы деген – өскелең ұрпаққа деген серпін. Ол болашаққа жол салу деген сөз»,-деді Висенте Лоссерталес.

Бұған қоса Бас хатшы, Ұлттық павильон ұғымының философиясын кеңейтуді ұсынып, қазақ өркениетінің дамуын ғаламдық негізде көрсету керектігін айтты. Сондай-ақ ол үздік тәжірибелер аймағында ғалымдардың теориялық жоспарларына ғана сүйенбеуді ұсынды.  

Сонымен қатар ХКБ басшысына See Agreement құжатының таныстырылымы жасалып, халықаралық қатысушыларды тарту жұмыстары жөнінде баяндалды.

Естеріңізге сала кетейік, халықаралық  мамандандырылған ЭКСПО көрмесі Астанада 2017 жылдың 10-шы маусымы мен 10-шы қыркүйегі аралығында өтеді. Оған 100 мемлекет пен 10-нан  астам халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Олардың арасында инновациялық технологиялардың үздік 10 көшбасшысы бар.  

 




Яндекс.Метрика