Үкімет

Ағымдағы жылы жоғары оқу орындарына ғылыми кадрларды даярлайтын жаңа Split PhD жүйесін енгізу жоспарланып отыр-Әбдіқалықова

Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықованың төрағалығымен Шет елде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
Астана қаласы18 Наурыз , 18:48

Гүлшара Әбдіқалықова биылғы жылдың 11-ші наурызында өткен «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде Елбасының 5 басты институттық реформалар жасауды, олардың қатарында «қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялық мемлекеттік аппаратты қалыптастыруды» айтқанын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алған жастардың әлеуетін аталған бағыт бойынша барынша пайдалану және оларды мемлекеттік қызметке белсенді түрде тарту қажеттігін айтты. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда мемлекеттік органдарда бағдарлама түлектерінің тек 6,5%-ы («Болашақ бағдарламасымен» оқыған 384 студент) ғана алған білімдерін мемлекеттік органдарда қолдануда. Бұл көрсеткішті ұлғайту қажеттігі туып отыр.

Гүлшара Әбдіқалықова «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдылық жобасын іске асыру аясында ел экономикасының басты салалары мен мемлекеттік аппарат үшін жоғары кәсіби кадрларды даярлау жөніндегі комиссияның алдында тұрған міндеттерді белгілеп берді.  

Сонымен бірге, отырыс барысында Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын одан әрі жүзеге асыру бойынша іс-шараларды орындаудың өзекті мәселелері қаралды.

Ағымдағы жылы Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы үшін кадрлар даярлауға бағытталған еліміздегі жоғары оқу орындарына ғылыми кадрларды даярлайтын жаңа Split PhD жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, «Болашақ» стипендиясы иегерлерін ағылшын тілі бойынша тілдік даярлаудың жаңа үлгісін енгізу жоспарлануда.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова Шетелде кадрлар даярлау жөнінде республикалық комиссияның жұмысын одан әрі ұйымдастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.




Яндекс.Метрика