Мәдениетті жаңғырту

ҚТП-нің музейінде «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік музей-қорығының қорларынан құралған ерекше көрме өтті

Бүгін Қазақстанның Тұңғыш Президентінің музейінде «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорларынан құрылған «Мыңжылдықтар сәулесі» атты көрме өтті.
Астана қаласы18 Наурыз , 20:08

Аталмыш шара «Ұлттық мұра» музейаралық әріптестік жобасының аясында ұйымдастырылды. Онда көрмеге келушілерге 100-ге жуық археологиялық және музейтану кезеңдеріне дейінгі аралықтан өткен археологиялық және этонграфиялық артефактілер көрсетілді. Олардың арасында түрлі кезеңдердегі  жарықтандырғыш құралдардың (светильник) үлгілері, отты шоқ күйінде ұстап тұратын кірпіштер, далалық зерттеулердің үлгілері, ғылыми мүліктік түгендеу мен қайта жөндеу жұмыстарының мәліметтері бар.

«Қазақстанның мәдени өмірінде музейлер ұлы даланың мәдени мұраларын сақтаушы және жинастырушы ретінде маңызды рөл атқарады. Сол себепті сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының жарық түсіргіштері коллекциясынан ғана ұйымдастырылған бүгінгі көрме осының жарқын дәлелі. Басқаша айтқанда, біз Қазақстан тарихымен мыңжылдықтардан жеткен сәулелер арқылы танысып отырмыз»,-деді ҚР Тұңғыш Президенті музейінің директоры Алма Сағынғали.

Бұл жерде Әмір Темірдің бұйрығымен жасалған жарықтандырғыштар ерекше орын алады. Оны Әмір Темір XIV ғасырда Қожа Ахмет Яссауй мавзолейі үшін әйгілі шебер Из ад-дин ибн Тадж ад-дин Исфаханиге арнайы жасатқан. Ал осы құралдардың әрін келтіріп тұрған жазулар ерекше маңызды ғылыми мәдениеттің белгісіндей, тіпті ол тарихи ескерткіштердің ерекше құндылығы іспеттес. Бұл ретте тіпті XIV ғасырға жататын екі жарықтандырғыш құралдардың цилиндрлерінің резервуарлары Санкт-Петербор қаласындағы Эрмитажда сақталғандығын, тағы бір құрылғының орта және төменгі бөліктері Париждегі Луврда тұрғандығын айтып өту керек.

Музей-қорықтың қорында көпжылдық тарихы бар экспонаттардың түпнұсқалары сақталған. Мысалы жарықтандырғыштардың ең көнесі біздің эрамызға дейінгі II мыңжылдықтарға ал, кейінгілері XIX ғасырларға жатады.

Көрмеге келушілер оның әртүрлі кезеңдерге жататын археологиялық артефактілер кешені арқылы осы өңірдің өркениетінің тарихына бойлататындығын атап өтті. Жарықтандырғыштарды жасау далалық өркениетте өте ертеден басталған. Ең алғашқы рет шеберлер оларды күнделікті өмірде қолдану үшін жасаған.  

«Көрмеде Түркістаннан да әкелінген  көне жәдігерлер бар. Жалпы бүгінгі көрмеге 100 экспонат қойылса, олардың 60-ы жарықтандырғыштар»,- деді «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Мәулен Садықбеков.

Аталмыш музей-қорық бүгінгі таңда ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының ескі әріптесі. Бұл музей-қорық Қазақстанның ортағасырдағы бүтіндей бір археологиялық, арихитектуралық кешеннен тұрады. Бұл музейдің ашылуына 1989 жылы ғалымдардың бірнеше буынының еңбектері негіз болған.  Түркістан болса түрік өркениетінің алғашқы ошағы саналады. Бұны осы аймақтан табылған түрлі жәдігерлер мен жазбалар да растайды. «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының тарихи жәдіргерлері осындай жолмен толығуда.  

«Бүгінгі ұйымдастырылуы мен мұнда қойылған тарихи мұралары жағынан ерекше саналатын көрмеге келушілерге үлкен алғысымды білдіремін. Біз бұл көрмені еліміздің барлық облыстарында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз»,-деді көрмеге келушілерге ризашылығын білдірген Мәулен Садықбеков.  

Естеріңізге сала кетейік, «Мыңжылдықтар сәулесі» тақырыбында «Әзірет Сұлтан» Мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қорларынан құрылған көрме ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында биылғы жылдың 13-ші сәуіріне дейін өтетін болады.

Индира Кауметова

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика