Халықаралық интеграция

Қазақстанның сыртқы саясаты бейбітшіл, теңгерімді саясат болып қала береді – Н.Назарбаев

Республикамыздың өзара сенім, тең құқықтылық және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген сыртқы саясаты бейбітшіл, теңгерімді саясат болып қала береді, деді Елбасы Н.Назарбаев сенім грамоталарын қабылдағаннан кейін, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы18 Наурыз , 18:17

Қазақстан Президентіне Төтенше және Өкілетті Елшілер – Кувейт Мемлекетінен Тарик Абдулла Әл-Фарадж, АҚШ-тан  Джордж Альберт Крол, Пәкістан Ислам Республикасынан Абдул Салик Хан, Болгария Республикасынан Васил Петков, Сауд Арабиясы Корольдігінен Гурм бен Саид Әл-Милхан сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды дипломатиялық жұмыстарының басталуымен құттықтап, олардың біздің елмен қарым-қатынастарды бұдан әрі дамытуды қамтамасыз ете отырып, өздеріне жүктелген міндетті лайықты атқаратынына сенім білдірді.

 «АҚШ Қазақстанның тәуелсіздігін әлем мемлекеттері арасынан алғашқылардың бірі болып таныды және қауіпсіздігімізге кепілдік берді. Бүгінде Вашингтонмен арада биік деңгейдегі серіктестіктің сенімді диалогы қалыптасқан. Біз осы үкіметаралық және ведомствоаралық тығыз қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Ресурс өндіру және оны әлемдік нарықтарға тасымалдаудағы энергетикалық серіктестігіміз белсенді түрде дамып келеді.  Қазақстанда 400-ден астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Өткен жылдың өзінде ғана екі ел арасындағы тауар айналымы 2,4 миллиард доллар болды», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті екі елдің халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша ортақ мүдделестігі бар екеніне тоқталды. Бұл – ядролық қарусыздану және таратпау, Ауғанстанды қалпына келтіру, Орталық Азияда тұрақтылықты сақтау және өзге де маңызды мәселелер.

Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы Корольдігі біздің араб және мұсылман әлеміндегі негізгі серіктесіміздің бірі екеніне назар аударды.

«Корольдік халқы мен басшылығы Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы кезеңінде зор достық қолдау көрсетті.  Біз оны ешқашан ұмытпаймыз және жоғары бағалаймыз. Елдеріміздің арасындағы саяси диалог сенімге құрылған. Ол сауда және экономика саласында өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге берік негіз қалады. Инвестиция, ғылым, технология алмасу саласындағы ынтымақтастық үшін құқықтық негіз және тиісті жағдай жасалған. Ауыл шаруашылығы кешенінде, мұнай химиясы, энергетика, көлік, туризм салаларындағы іс-қимылды арттыруға ортақ мүдделілік бар.  Біз Астана мен Эр-Рияд арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастырып, бұдан әрі нығайта түсуге әзірміз», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Кувейт Мемлекетімен арадағы байланыстардың жүйелі дамып келе жатқанын атап өтті.

« Былтыр Әл-Кувейтте Қазақстан елшілігі, ал биыл Астанада Кувейт елшілігі ашылды. Дипломатиялық миссиялар саяси, сауда және экономикалық, инвестициялық байланыстарға тың серпін береді деп сенемін. Бұл орайда, жоғары деңгейдегі сапарлардың маңызы зор екені анық», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің еліміз Пәкістанды Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі перспективалы серіктес ретінде қарастыратынын айтты.

«Біз Исламабадпен арадағы саяси және экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүдделіміз. Қазақстан – астық және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін ірі көлемде өндіретін ел. Сондықтан Пәкістанға агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізу мәселесін қарастыруымызға болады. Пәкістанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезіне, Астана Экономикалық Форумына белсене қатысуын жоғары бағалаймыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы  Қазақстан мен Болгарияның арасында дәстүрлі достық байланыстар орныққанына назар аударды.

«Елдеріміздің арасында берік құқықтық шарттар базасы жасалып, үкіметаралық байланыстар орныққан. Парламентаралық ынтымақтастық белсенді дамытылуда. Біздің саяси диалогымыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық арқылы беки түсуде. Қазақстандағы болгар қауымы да «халықтық дипломатияда» аса маңызды рөл атқарып отыр. Біздің елде болгар этносының мыңдаған өкілі тұрып жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстан мен Болгарияның өзара сауда көлемі әзірге айтарлықтай емес. Бұл мәселе бірлескен күш-жігерді жұмылдыру арқылы шешілетініне сенімдімін», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев осы рәсімге қатысушыларды алдағы уақытта  бірлескен ауқымды жұмыстар күтіп тұрғанына тоқталды.

«Бұлар – 8-Астана экономикалық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 5-съезі, Ислам ынтымақтастығы ұйымының қолдауымен өтетін шаралар және басқа ірі халықаралық жобалар.  Қазақстан таяу уақытта Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіргелі отырғаны мәлім. Бұл қадам шет елдермен ынтымақтастық аясын кеңейтуімізге септігін тигізері анық», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Республикамыздың өзара сенім, тең құқықтылық және ынтымақтастық қағидаттарына негізделген сыртқы саясаты бейбітшіл, теңгерімді саясат болып қала беретінін айтты.

«Сіздердің қызметтеріңіз ынтымақтастықты кеңейтіп, мемлекеттердің қарым-қатынасына тың серпін береді деп үміттенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

 

 




Яндекс.Метрика