Басқару

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан 3528 халықаралық келісім жасаған – ҚР СІМ

Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдардағы Сыртқы саясат тұжырымдамасы аясында халықаралық шарттарды әзірлеу мәселелері бойынша Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен кездесті.
Астана қаласы18 Наурыз , 20:26

Парламент Сенатының депутаттары алдында еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов сөз сөйледі.

Министр әлемде болып жатқан геосаяси жаңарулар біздің елімізге жаңа қатерлер туындататынын атап өтті. Бұл өзгерістер министрлік қызметін ұдайы жетілдіруді, келешекке арналған міндеттерді нақтылауды талап етеді. Осыған байланысты министрлік бұдан былайғы қызметінде Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстанның Сыртқы саясат тұжырымдамасы мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының ережелерін бұлжытпай басшылыққа алатын болады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықаралық шарттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның орындалу барысы туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Мусинов баяндама жасады.

Дипломат заң халықаралық шарттарды бекітудің бұрынғы тетіктерін  елеулі түрде өзгерткенін атап өтті. Енгізілетін жаңалық – Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жоспарлау жүйесін енгізу, яғни, қазіргі кезде бір жылға және келешекте – үш жылға жасалатын халықаралық шарттарды бекіту жоспарын жасау болып табылады.

Өз кезегінде Сенат комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков халықаралық шарттар – халықаралық құқық тәртібінің тұрақтылығының және Қазақстанның шет елдермен қатынастарының, құқықтық мемлекеттің қызмет етуінің, сондай-ақ еліміздің заңды мүдделерін қамтамасыз етудің бөлігі болып табылатынын атап өтті.

Сонымен бірге, комитет төрағасы қол қойылған және күшіне енбеген халықаралық келісімдердің мемлекет ішіндегі рәсімдерін уақытында атқаруды қамтамасыз етуге, бұрын қол қойылған және ратификацияланған халықаралық құжаттарды ескере отырып, осы немесе басқа жалпыға бірдей конвенцияларға Қазақстанның қатысуы жөніндегі мемлекеттік органдардың жауапты және жан-жақты ұстанымдарына, мемлекеттік тілдегі халықаралық келісімдердің мәтіндерін даярлау сапасын арттыруға қатысты жекелеген мәселелер өзекті болып отырғанын айтты.

Сенатор атап өткендей, қазақстандық парламентшілер Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыса отырып сыртқы саяси мақсаттарын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Парламент «2013-2015 жылдардағы Қазақстан Республикасының парламенттік дипломатиясын дамытудың жол картасын» қабылдады.

И.Адырбеков Сыртқы саясат тұжырымдамасын іске асыру аясында кейбір маңызды міндеттерді шешу үшін парламенттік дипломатия ресурстарын белсенді пайдалану орынды деп санайды. Және ол экономикалық, саяси байланыстарды нығайта түсетін өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін табу қажеттігін атап өтті.

 




Яндекс.Метрика