Ғылымды қажет ететін экономиканың дамуы

Сатып алулардың ақпараттық жүйесі «Самұрық-Қазына» қорына 99 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді (ФОТО)

Сатып алулардың ақпараттық жүйесі «Самұрық-Қазына» қоры бюджетіне 99 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихатында «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-ның бас директоры Серiкбек Елшiбеков хабарлады.
Астана қаласы 18 Наурыз, 16:28

2013 жылы электронды сатып алулар ақпараттық жүйесi енгiзiлгеннен кейiн тауарларды, қызметтердi алу тетiктерi автоматтық сипатқа көштi. Нақтырақ айтсақ, осы жүйенiң арқасында кәсiпкерлер әр тендерден орташа алғанда 80 мың теңге үнемдейдi. Ақпараттық жүйе арқылы тендерге қатысушылар бәсекелестерi ұсынған құжаттарды көре алады, егер олқылық кетсе, қорға жүгiнуге мүмкiндiгi бар.

«Жалпы алғанда, электронды сатып алулар ақпараттық жүйесi енгiзiлгеннен берi «Самұрық-Қазына» қорының бюджетi 72 млрд теңге үнемдедi. Бұған әлi есептелмеген 27 млрд теңгенi қоссақ, шамамен 99 млрд теңге үнемделдi. Ал кәсiпкерлердiң өздерi үшiн бұл көрсеткіш жылына шамамен 6,5 млрд теңгенi құрайды», - дедi С.Елшiбеков.

Сонымен қатар, Елшібеков баса айтқандай, ақпараттық жүйе сатып алуға қатысушыларға барлық процесті бақылауға және қандайда бір қателік болғанда Қорға жүгінуге мүмкіндік береді.

«Элекронды үлгіде құжаттар беріледі, оны комиссия сараптайды. Егер қатысушылар  құжаттардың дұрыс жинақталғанымен келіспесе бізге тікелей шағым түсіреді, ал біз болса тендердің қорытындысын жоққа шығарып, кінәлілерді жауапқа тартамыз», - деді  Елшібеков.

«Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-ның бас директоры  атап өткендей, егер ертеректе жылына 300-ге жуық шағым  түссе, бүгінде бұл сан бірнеше есе артып, орташа есеппен жылына мыңды құрады. «Ал, 2015 жыл  ол тіптен көп. Бұл дегеніңіз кәсіпкерлер өз қарсыластарының құжатін жіті зерттеу басты құрал екенін түсінгенін білдіреді», - деп түйді С. Елшібеков.

Индира Кауметова





Яндекс.Метрика