Ғылымды қажет ететін экономиканың дамуы

«Самұрық-Қазына» отандық өнім өндірушілермен құны 1 триллионнан астам теңгеге 769 келісім жасады

Отандық тауар өндірушілерді қолдау тұжырымдамасының аясында «Самұрық-Қазына» қоры жалпы құны 1 триллион 262 миллиард теңге болатын 769 ұзақмерзімді келісімдер жасады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына келісім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Серік Елшібеков ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
Астана қаласы18 Наурыз , 16:12

«Жалпы алғанда отандық тауар өндірушілерді қолдау Тұжырымдамасы біздің құны  1 триллион 262 миллиард теңге болатын 796 келісім жасауымызға мүмкіндік берді. Бұл дегеніңіз үлкен сома. Біз Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен бірлесіп, апта сайын арнайы мәжіліс өткіземіз. Онда кәсіпкерлер ұзақмерзімді келісімдер жасау мәселесін талқылап, сол жерде ол келісімдердің қандай жолмен жүзеге асырылуы қажеттігін шешеді. Жалпы алғанда, бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты әрі мақсатты түрде жүргізілуде»,-деді С.Елшібеков.

Бұл ретте ол қор өкілдері мен оның еншілес кәсіпорындарының қызметкерлерімен бірлесіп, республиканың бірқатар аймақтарында болып, ондағы кәсіпкерлермен құны 548 миллиард теңге болатын жобалар бойынша Меморандумдарға қол қойғандықтарын атап өтті. «Бүгінгі таңда осы құжаттар бойынша жұмыстың атқарылу көрсеткіші 98 пайызды құрап отыр. Жалпы қарқынымыз жаман емес»,-деді ЖШС басшысы.

Айта кететін мәселе, 2014 жылдың қорытындысы бойынша қордың сатып алған тауарларын шығарушылардың 75 пайызы қазақстандық және бұл көрсеткіш уақыт өткен сайын өсу үстінде. Қор өкілдері сатып алу ережесіне отандық тауар өндірушілер үшін 14 түрлі жеңілдіктер енгізген.  

Индира Кауметова




Дерекнама

Яндекс.Метрика