Халықаралық интеграция

Астанада 2015 жылдың маусымында екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен «Таиландтың Қазақстандағы аптасы» өтеді

Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марат Есенбаев Таиланд Сауда министрі Чатчай Сарикулиамен кездесті, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі. Кездесу барысында тараптар қазақстандық-тай сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының ағымдағы ахуалы мен келешегін талқылады.
Астана қаласы18 Наурыз , 10:39

Қазақстандық дипломат тай министрін Қазақстанның ағымды әлеуметтік-экономикалық дамуы, еліміздің қолайлы инвестициялық климаты, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы хабардар етті. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі ҚР даму келешегіне аса көңіл бөлінді.

«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты іске асыру аясындағы сауда, көлік, логистика мен ауыл шаруашылығы саласындағы қазақстандық-тай ынтымақтастығының жоғары әлеуеті атап өтілді. Сонымен қатар, М. Есенбаев тай кәсіпкерлері үшін логистиканың, оның ішінде Ляньюньган портындағы қазақстандық-қытайлық көліктік-логистикалық терминалы мен Льянюньган-Алматы бағыты бойынша контейнерлік тасымалды қолданудың жаңа мүмкіндігін атап өтті.

«Ч. Сарикулиа Таиланд үкіметі Қазақстанмен екіжақты қатынасты кеңейтуге мүдделілігін атап өтті. Сонымен қоса, ол қазақстандық-тай ынтымақтастығы АСЕАН (Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы) мен Еуразия экономикалық одағы арасындағы серіктестіктің тереңдеуіне негіз болады деп санайды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, М. Есенбаев пен Ч. Сарикулиа екіжақты келісім жобаларын талқылады, атап айтқанда, сауда және инвестицияны қорғау туралы келісімдер, және де қосарланған салықты болдырмау туралы конвенция. Тараптар қазақстандық және тай серіктестіктер арасындағы табысты және пайдалы бизнес жасау үшін негіз болатын аталған жобалардың келісу тәртібін тездетуге келісті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаңа сауда-инвестициялық жобаларды талқылау мақсатында 2015 жылдың маусымында Астанада екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен «Таиландтың Қазақстандағы аптасын» өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.

 




Яндекс.Метрика