Парламент

Сенатта ойын бизнесіне қатысты заң жобасы қаралды

Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.
Астана қаласы16 Наурыз , 19:12

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, заң жобасы ойын бизнесі саласындағы заңнамаларды одан әрі жетілдіріп, ондағы сәйкессіздіктер мен қарама-қайшылықтарды жоюға бағытталған. Сонымен қатар аталмыш құжат интернет-казиноның қызметіне тыйым салып, оны заң жүзінде бекітіп, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметіне бақылауды күшейтуді көздейді.  

Заң жобасының талаптарына сәйкес, Азаматтық кодекске интернет-казиноның қызметін заңсыз деп табу шегінде өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Ал букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға салынатын салық ставкаларының ұлғайтылуына байланысты еліміздің «Салық және бюджетке төленетін өзге де төлемдер туралы» кодексіне түзетулер енгізіледі. Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекске ойын бизнесі туралы заңнамаларды бұзушыларға деген жауапкершілікті күшейту мәселесін кіргізу қарастырылуда. Бұған қоса сенаторлр талқылаған заң жобасы «Жарнама туралы» және «Ойын бизнесі туралы» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады.  

Заң жобасы аталғандармен қатар ойын құрылғыларын сақтаудың тәртібін реттеп, тұрғын үйлердің тұрғын үйге жатпайтын жерлерінде ойын ұйымдастырылатын ғимараттар ашып, тотализаторлардың кассаларын орнатуға, бумекерлік кеңселерді ашуға тыйым салады. Құжат палатаның қарауына жіберілді.     

 

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика