Өңірлер

Еліміздегі дүкендердің 90 пайызы «Қазақстанда жасалған» акциясына қатысуда

Отандық дүкендердің 90 пайызы «Қазақстанда жасалған» акциясына қатысуда, деп хабарлады «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының төрағасы Данат Жумин Орталық коммуникациялар қызметінде.
Астана қаласы16 Наурыз , 17:01

Ұйымдастырушылар жергілікті әкімдіктердің көмегімен акцияны еліміздің барлық аймақтарында ұйымдастырды. Жалпыұлттық қозғалыс акция іске қосылған кезден бастап, оның жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізді. Ұйымдастырушылар еліміздің 249 ірі  сауда желістерінде болған. Мониторинг нәтижелері «Қазақстанда жасалған» акциясына сауда орындарының 90 пайыздан астамы атсалысып жатқандығын көрсеткен.  

«Алматы, Астана қалалары мен облыс орталықтарындағы біз барған 249 дүкенде бәрі әдемі, әрлі етіп безендірілген. Яғни бұл сауда орындарының 90 пайызы акцияға үлкен жауапкершілікпен қарайды деген сөз»,-деді қозғалыс жетекшісі.

Акцияның ұйымдастырушыларының мәліметтерінше, дүкендердегі тауарлардың арасында отандық тауарлар 40 пен 80 пайыздың арасында.   

«Біз бұл саланы әлі де зерттеп жатырмыз. Бір ай әрине, аз мерзім, яғни «Қазақстанда жасалған» акциясы бойынша қандай да бір қорытынды шығаруға ерте. Дегенмен, біз қазір қазақстандық өнімдерге деген сұраныстың қаншалықты артқанын зерделеудеміз. Біздің байқағанымыз, еліміздің азаматтары отандық тауарларды қолдайды және оларды көптеп сатып алып жатыр»,-деді Д.Жумин.

Сөзінің дәлелі ретіне ол Алматыда болған жағдай туралы айтып берді. «Яғни осы қаладағы сауда желілерінің бірінің жетекшісі «Қазақстанда жасалған» акциясы іске қосылғалы бері отандық тауарларға деген сұраныс 300 пайызға артқандығын жеткізді. Бұл дегеніңіз акция өзінің тиімділігін көрсетіп отыр деген сөз»,-деді қозғалыс жетекшісі.     

Бұған қоса, стратегиялық талдаулар орталығының директоры, «Қазақстан-2050» қозғалысының кеңесшісі Динара Хайрикенованың сөзінше, әлеуметтік желілерде «Қазақстандықтардың отандық азық-түліктерге қатысты таңдауы» деген тақырыпта жедел сауалнама жүргізілген. Оған 762 адам қатысып, олардың 41,5 пайызын ерлер, 58,5 пайызын әйелдер құраған. Сауалнамаға қатысқандардың 71 пайызы «Қазақстанда жасалған» акциясы туралы білетін болып шықты. Сауалнаманың қорытындысы «Қазақстанда жасалған» акциясы туралы  білетін азаматтардың басым көпшілігі оны білмейтіндерге қарағанда, отандық өнімдерді алу қажет деп есептейтіндіктерін көрсеткен. Айталық акция туралы білетіндердің 73,1 пайызы қазақстандық тауарды таңдаса, акция туралы білмейтіндердің тек 10,4 пайызы ғана отандық тауарды қолдайды. Бұған қарап отырып, қазақстандықтарды отандық тауарды сатып алуға шақыратын акция тиімділігін көрсетті деген байлам жасауға болады.

«Расында да акция туралы білетін азаматтар ол туралы білмейтіндерге қарағанда отандық тауарды сатып алуға бейіл. Жалпы жағдай жақсы, сауалнамаға қатысқандардың 80 пайызы отандық өнімдерді сатып алып жүргендерін айтты»,-деді сарапшы.      

Индира Кауметова




Дерекнама

Яндекс.Метрика