Басқару

ҚазМұнайГаз компаниясында трансформация бағдарламасының ағымдағы жағдайы және негізгі бағыттары талқыланды

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобының трансформация бағдарламасының ағымдағы жағдайы және негізгі бағыттары бойынша «Самрұқ-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев, Ұлттық компания Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев және ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалиннің қатысуымен кеңес отырысы өтті.
Астана қаласы16 Наурыз , 15:37

«ҚазМұнайГаз» АҚ хабарлағандай, отырыс барысында трансформацияның басым бағыттары, оның ішінде қызметтің мақсаттық негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған өндірістік және қолдаушы бизнес процестерді жетілдіру, еңбек уәждемесі жүйесі мен тиімділікті басқаруды жақсарту, мұнай өндірісіндегі қолданыстағы технологияларын үйлестіру және жаңа технологияларды интеграциялау, заманауи ақпараттық технологияларды енгізу және т.б. сұрақтар қарастырылды.

Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында «ҚазМұнайГазда» жеке трансформация блогы құрылды. Аталған құрылымдық бөлімшенің құрамына ҚМГ компаниялар тобынан және өңірлерден жоғары білікті қызметкерлер және де шетелдік корпорацияларда тәжірибесі бар мамандар тартылуда.

«Самрұқ-Қазына» компаниялар тобында трансформация бағдарламасының бастауын өткен жылдың 6 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған болатын. Трансформация кезең-кезеңімен жүргізілетін болады және де «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ алғашқы енгізілетін компаниялар қатарында.

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика