Ұлтаралық бірлік

Көкшетауда ҚХА-ның 20 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысы өтті

Көкшетау қаласында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдығын мерекелеуге арналған «Бірлік пен берекенің Жерұйығы» атты халықаралық ақындар айтысы болып өтті.
Ақмола 16 Наурыз, 09:36

Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов және Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин және басқа да тұлғалар қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Ел алдындағы құттықтау сөзінде «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Сергей Кулагин бүгінгі шараның Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында өтіп жатқанын атай отырып, «Осында дарынды, көбі сөзсіз нағыз шебер деп атауға болатын ақындар жиналды. Сахнада өзекті мәселелерді көтеру үшін саяси және әлеуметтік сұрақтарды ұғыну қажет. Шын ақындар осындай болады», - деп атап өтті.

Cуырып  салма, табан астында тауып айтып, сөз өнерінің інжу-маржанын төгілдіру өнерін беделді қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Алдан Смайыл және  ҚР ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан, композитор Алтынбек Қоразбаев болды. Дүбірлі жыр додасын ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді.

«Көкшетау» мәдениет сарайына айтыскер ақындардың өнерлерін тыңдауға 700-ге жуық көрермен жиналды. Сахна төрінде еліміздің өркендеуінің негізі – халық достығы мен этносаралық келісім тақырыбы баса жырланды.

Айтыстың ақтық кезеңінде: Мақсат Ақанов пен Қанатбек Зәйтоллаұлы және Әлібек Серғалиев пен Болатбек Оразбаев жұптары өз өнерлерін ортаға салды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бас жүлдені ­­2 млн. теңге көлемінде ҚХР-нан келген айтыскер Канатбек Зәйтоллаұлына табыстады. Бірінші орын Алматы облысынан келген Болатбек Оразбаевқа берілді. Екінші және үшінші орындар көкшетаулық Әлібек Серғалиев пен қарағандылық Мақсат Ақанов сияқты суырып салма ақындарға бұйырды. Ақмола облысы әкімінің арнайы сыйлықтарымен Жансая Мусина, Арман Бердалин мен Ерлан Дәулетұлы марапатталынды.

Шара қорытындысында сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек былай деді:

«Өздеріңіз куә болып жүргендей, соңғы жылдары елімізде Елбасы қамқорлығымен айтыс даму биігіне көтеріліп, елге рух беретін, бірлікке бастайтын, сондай-ақ, әлеуметтің көкейкесті мәселелерін дәл тауып, оның шешілуіне ықпал ете алатын қауқарлы күшке айналды. Айтыскерлердің беделі артты», - деп атап өтті ол.

 

 





Яндекс.Метрика