Қазақстандық үлгі Тәуелсіздігіміздің игілігі

М.Жолдасбеков: ҚР Президенттігіне үміткер С.Мұқаш мемлекеттік тілді меңгеру емтиханынан сүрінді

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Серік Тасқараұлы Мұқаштың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды, деп хабарлады ОСК.
Астана қаласы15 Наурыз , 15:18

Лингвистикалық комиссия емтиханның нәтижелері бойынша ашық дауыс беру арқылы бірауыздан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Серік Тасқараұлы Мұқаштың мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы шешім қабылдады.

Лингвистикалық комиссияның төрағасы М. Жолдасбеков емтиханның барысы туралы былай деді: «Үміткерге жазбаша жұмысқа берілген бір сағат жетпей, ол қосымша уақыт беруді сұрады. Сонда да «Халық Ассамблеясы – Қазақстан табысы» тақырыбын мүлде ашпады. Шығармада 11 орфографиялық, 15 пунктуациялық және 9 стильдік қате жіберді.

Абайдың қара сөздерінен «Қырық үшінші қара сөзді» оқу кезінде кандидат қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын білмейтінін және мәнерлеп оқу машығы жоқтығын көрсетті.

 «Қазақ тарихы және рухани жәдігерлер» тақырыбында көпшілік алдында сөз сөйлеу кезінде кандидат комиссия белгілеген 15 минуттың орнына 9 минут сөйледі, бұл ретте өз ойын әдеби тілде жеткізе білмейтіні анық байқалды. Таңдап алынған тақырыпты кандидат дұрыс түсінбеген, сол себепті оны аша алмады».

Отырысқа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж. Сүлеймен қатысты.

 

 




Яндекс.Метрика