Ұлтаралық бірлік

ҚХА-ның «20 ізгі іс» акциясының символы «Тайқазан» ОҚО-ға тапсырылды (Фото)

Талдықорған қаласында «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасының символы - «Тайқазан» Оңтүстік Қазақстан облысына тапсырылды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алматы 15 Наурыз, 15:56

Шара Жетісу жерін мекендейтін барлық этностардың өзара достығы мен ынтымақтастығын бейнелейтін театрландырылған көрініспен басталып, концертке ұласты. Салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев құттықтау сөз сөйледі.

«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының аясында ұйымдастырылып отырған «20 ізгі іс» республикалық акциясы облысымыздың барлық елді мекендерінде өткізілуде.  Акция барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға, ауыр сырқатқа шалдыққан балаларға, сол сияқты өмірде қиындыққа ұшыраған адамдарға ерекше көңіл бөлінеді. Оларға барынша қолдау көрсетіліп, көмек жасалады. Бүгінгі күні бізге керегі – ең бастысы достығымызды бағалау, қоғамдық келісімді сақтау, көмекке мұқтаж жандарға дер кезінде қол ұшын беру. Біз мақсаты, мүддесі, болашағы бір халықпыз. Елімізде әрқашан бейбітшілік, тыныштық салтанат құрып, мемлекетіміз гүлдене берсін, - деді Б.Өнербаев.

Сонымен қатар бүгін «Тайқазан» акциясы аясында тағы бір ізгі іс атқарылды. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері «Күміс үзеңгі» балалар ат спорты мектебіне мүмкіндігі шектеулі балаларға иппотерапия емін жүргізу үшін жылқы сыйға тартты.

Мұнан соң күн сайын ізгі істердің қатарын көбейтіп, ел ішін аралау сапарын жалғастыруы үшін «Тайқазан» Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдеріне ұсынылды.

Естеріңізге салсақ, «Тайқазанды» 5 наурызда Жамбыл облысы Алматы облысына тапсырған болатын. Эстафетаны қабылдап алған Алматы облысы оны «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясымен жалғастырған болатын.





Яндекс.Метрика