Адамзаттық капитал

Алматы облысының соғыс ардагерлерін Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады (Фото)

ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70-жылдық мерейтойына арналған концерт өткізді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.
Алматы 15 Наурыз, 10:37

Концерт ҚР ҚМ ақпараттық-имидждық тобының Алматы облысындағы көшпелі жұмысы аясында өтті. Концертке Талдықорған қаласында тұратын соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, Талдықорған гарнизоны бөлімдерінің әскери қызметшілері, мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері шақырылды.

Сахнада соғыс жылдарының танымал әндері шырқалды, Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің әртістері Ұлы Отан соғысы жылдары сарбаздары киім үлгісінде өнер көрсетіп, соғыс жылдарын көрінісін айқын жаңғыртқандай әсер қалдырды. Әуендер және қойылымдар ардагерлерді толқытып, соғыс уақытында ұрыс даласында қалған жастық шағы мен достарын еске түсіріп, еріксіз көздеріне жас алды.

"Соғыс кезіндегі бабаларымыздың өшпес ерлігі қазақстандық әскери қызметшілер үшін әрқашан ерлік пен батырлықтың үлгісі болып қала бермек. Осы кездесу ардагерлердің құрметіне ұйымдастырылып отыр. Үстіміздегі жылдың мамыр айында ардагерлеріміздің құрметіне Астанада Жеңіс парады өткізіледі", - деп ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары – ҚР ҚК БШ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы полковник Мұхамеджан Таласов атап өтті.

Қазақстандық армияның әскери қызметшілері үшін келе жатқан Жеңіс күні ерекше маңызға ие. Себебі, қазіргі сарбаздар мен офицерлер Ұлы жеңістің мұрагерлері және олардың жауынгерлік дәстүрін жалғастырушы болып табылады. Талдықорған гарнизоны әскери бөлімдері командирлерінің айтуынша осындай кездесулер түрлі жастағы және әр түрлі кәсіптегі қала тұрғындарын біріктіруге, бірлік пен тұтастық атмосферасын қалыптастыруға, тәжірибе мен дәстүрді бір-бірімізге жеткізуге, өткенді еске алып мен тарихты сақтауға мүмкіндік береді.

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика