«Нұрлы жол» – Қазақстанның даму жолы

Вьетнамда Қазақстан дамуы тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті

Ханой қаласында Қазақстан Республикасының Вьетнамдағы Елшілігі Вьетнам Әлеуметтік ғылымдар академиясымен бірлесіп, «Қазіргі кезеңдегі Қазақстан. Нұрлы жол жаңа экономикалық саясаты» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Әлемде15 Наурыз , 11:02

ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, іс-шараға Вьетнам Сыртқы істер министрлігінің, Өнеркәсіп және сауда министрлігінің, Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері, Вьетнамның түрлі даму институттарының жетекшілері, ТМД елдерінің және Еуропаның даму мәселелерін зерттейтін вьетнамдық ғылыми зиялы қауым мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері шақырылды.

ҚР Елшісі Бекетжан Жұмаханов конференция қатысушыларын еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы негізгі жетістіктерімен таныстырды. Елші өз сөзінде Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Қазақстан халқына жолдауына ерекше тоқталып, күрделі геосаяси ахуалмен, ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарымен байланысты жаңа қауіп-қатерлерді тиімді еңсеруге бағытталған ел дамуының басымды бағыттарын атап өтті.

Қазақстандық дипломаттар баяндамаларында Қазақстан басшылығының маңызды сыртқы саяси бастамалары мен еліміздің халықаралық сахынадағы белсенділігін, Қазақстанның өңірлік және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуда, соның ішінде ядролық қарусыздандыру мен таратпау саласында қосқан үлесі туралы мәлімет берді.

Конференция аясында қазақстан-вьетнам қатынастарын сауда-экономикалық және инвестициялық салаларда кеңінен дамыту мүмкіндіктері туралы ақпарат пен бейнероликтер ұсынылды. Вьетнам сарапшылар қауымдастығына «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру аясында бизнес үшін ашылатын мүмкіндіктер, атап айтқанда, ҚР-ның көліктік, индустриялық және энергетикалық инфрақұрылымын дамыту стратегиялық жоспарын іске асыру, сондай-ақ «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін дайындау және оны өткізуге қатысу жөнінде хабарланды.

Конференцияны қорытындылай келе, ВСР Әлеуметтік ғылымдар академиясының вице-президенті профессор Нгуен Куанг Туан Қазақстанның қазіргі таңдағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстандағы тұрақтылықтың маңыздылығын және ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жолдауының уақыттылығын атап өтті. Еуропалық зертеулер институтының директоры профессор Нгуен Ан Ха елдеріміз арасындағы екіжақты байланыстарды жандандыру және сауда-экономикалық қатынастарды саяси ынтымақтастық деңгейіне жеткізу қажеттілігін атап өтті. Сонымен бірге, конференцияға қатысушылар ҚР Президенті Жолдауының өзектілігіне назар аудара отырып, осы құжатта баяндалған әр түрлі салаларды дамыту келешектерінің шаралары мен экономикалық пайдасын жоғары бағалады.

Іс-шара аясында екіжақты қатынастардың даму келешектері жөнінде пікір алмасу өтті. Осы пікір алмасу барысында Вьетнамның жоғарғы ғылыми өкілдері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдету үшін Орталық Азия өңірімен және Қазақстанмен ықпалдастықты дамыту мәселелерін түсінуге және толығырақ зерттеуге бағытталған іс-шаралар өткізудің өзектілігін атап өтті.

Конференция барысында қатысушыларға вьетнам тіліндегі Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына жолдауы, экономика және «ЭКСПО-2017» көрмесі туралы бейнероликтер, сондай-ақ Қазақстан туралы түрлі имидждік үлестірме материалдары таратылды.

 




Яндекс.Метрика