Ауыл шаруашылығын жаңғырту

Ауыл шаруашылығына 1,5 трлн теңге бөлінді – ҚР Президенті

Аграрлық саланың стратегиялық мәні зор болғандықтан мемлекет қолдау көрсетіп келе жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында өңірдің ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерімен кездесуі барысында мәлімдеді.
Қостанай28 Тамыз , 00:00

«Жер шары тұрғындарының өсу қарқынын ескерсек, таяу уақытта азық-түлікке сұраныс та артатын болады. Осы орайда ауыл шаруашылығының рөлі артады. Осыған дайын болу керек. Бүгінгі әлемдік тәжірибе шикізат қолда бар кезде ішкі және сыртқы нарықтарға дайын өнімдерді жеткізу үшін оны толық қайта өңдеу қажеттігін көрсетіп отыр Сіздердің бәріңіз агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және қаржылық көмек көрсету, тәуекелдерді сақтандыру, ауыл шаруашылық техникалары лизингісі, сондай-ақ салаға жаңа технологияларды енгізуге бағытталған «Агробизнес-2020» бағдарламасымен таныссыздар. Мұның бәріне 3 триллионнан астам теңге бөлінеді. Бұл өте көп шығын. Осы жылдар ішінде біз ауыл шаруашылығына 1,5 трлн. теңге бөлгенімізді де атап өту керек», – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын әртараптандырудың және мал шаруашылығы саласын дамыту аясында мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуының маңыздылығына тағы да назар аударды.

«Тек бір ғана дара дақылды шаруашылықпен, яғни астық егумен айналысуға болмайтынын түсінген жөн. Біз дәнді дақылдың зор экспорттық әлеуеті бар екенін, бірақ сонымен қатар, ауыл шаруашылығының өзге түрлерінің де тиімділігі болатынын түсінеміз Сондықтан соңғы жылдары әлемнің басқа мемлекеттері сияқты біз мал шаруашылығын дамытуға аса маңыз береміз. Соған сәйкес, жемшөп өндірісін дамыту қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұған қоса, кездесу барысында Мемлекет басшысы өңірдегі индустриялық бағдарламалар аясында құрылған нысандардың толық жұмыс істеуі қажеттігін атап көрсетті.

«Мысалы, іске қосылған 14 нысан жұмыс істемейді, тиісті қуатының 50 пайыз мөлшерінде ғана жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар бар. Біз мемлекет қаражатын не үшін жұмсадық? Бұл осындай мәселелелерге жеткіліксіз көңіл аударылатынын білдіреді. Толық жұмыс істемей тұрған өнеркәсіп нысандары сондай-ақ өңірлік бюджетке түсетін салық түсімін азайтады. Сонымен қатар, индустриялық бағдарлама іске асырылған үш жарым жылда облыстың 4 ауданы оған қатыстырылмаған және соған сәйкес индустриялық жобалар енгізілмеген», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
 




Яндекс.Метрика