Жасыл даму 2050

Қазақстан нарығындағы органикалық азық-түліктердің көлемі 95 миллиард теңгені құрайды (ФОТО)

Бүгінгі таңда Қазақстанның нарығындағы органикалық азық-түліктердің көлемі 95 миллиард теңгеге бағаланады. Бұл туралы ҚР «Атамекен» ҰКП-ның Сауда комитетінің хатшысы Жібек Әжібаева Орталық коммуникациялар қызметінде мәлім етті.
Астана қаласы 14 Наурыз, 17:11

«Бүгінгі таңда Қазақстан нарығындағы органикалық азық-түліктердің көлемі шамамен 95 миллиард теңгеге бағаланып отыр. Елімізде экологиялық жағынан таза өнімдерді саудалайтын жаңа сауда кәсіпорындары ашылып жатыр. Бұл бүгінгі таңда республика халқының басым бөлігінің өздерінің денсаулық жағдайларына алаңдаулы екендігімен байланысты және бұл дұрыс та. Қазақстан бұл мәселеде қол қусырып отырған жоқ»,-деді ол.

Бұл ретте комитет  хатшысы экологиялық жағынан таза өнімдер жер телімдерін сертификаттаудан басталатындығын ескертті. «Бүгінгі таңда бізде тек Қостанай облысында ғана 150 мың гектар жер экологиялық жағынан таза жер ретінде сертификатталған. Ендеше, жерге рұқсат берілген соң одан кейінгі технологиялар басқаша айтқанда,  өндіріс, өнімді саудалау сияқты бүкіл үдеріс осындай жолмен жүзеге асырылуы керек. Алматы облысында жүзімдіктер өте көп. Онда жүзім шарабын өндіру де осындай жолмен жүргізілуде»,- деді  Ж.Әжібаева.

Бұған қоса ол елімізде экологиялық жағынан таза тауарлар мен өндіріске деген қолжетімділіктің айтарлықтай кеңейтілгендігін жеткізді. Ауыл шаруашылығы министрлігі органикалық жер өңдеу туралы заң жобасын әзірледі. «Ол бойынша тек агротехника ғана емес, тыңайтқыштар мен қайта өңдеу сияқты барлық үдерістер экологиялық жағынан таза болуы керек»,- деп қорытты сөзін кәсіпкерлер палатасының өкілі.  

Индира Кауметова

 





Яндекс.Метрика