Ұлтаралық бірлік

ҚР Президенті қазақстандықтарды Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен құттықтады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен құттықтады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы01 Наурыз , 10:33

Құрметті қазақстандықтар!   

 

Баршаңызды Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.    

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімнің,  қасиетті Отанымызда өмір сүріп жатқан барлық этностар достығының ең басты және берік іргетасы. Ол елдігіміздің қалыптасу, Тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында, Қазақстан Республикасының Конституциясын жалпы халық болып қабылдауда, терең экономикалық реформалар жүргізуде және қоғамымыздың әлеуметтік және саяси негізін ауқымды жаңғыртуда айрықша рөл атқарды. 

Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің көпұлтты халқымыздың бірлігін сақтайтын мәңгілік қорғанына айналды. Ол бірлік,  тұрақтылық, толеранттық, жалпыға ортақ еңбек, патриотизм сияқты ортақ құндылықтарымызды қазақстандықтардың санасына сіңіруде.  

Өзінің күнделікті, тынымсыз жұмысы арқылы ол ел азаматтарының жүрегіне Мәңгілік Елімізге және Қазақстан атты теңдессіз де тату отбасының мүшесі екеніне деген мақтаныш сезімі мен жоғары жауапкершілігін ұялатады. 

Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің «Қазақстан - 2050» стратегиясын, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру жолындағы жасампаздық еңбегінің басында жүр, ол қазақстандықтарды ортақ Отанымыздың баянды бүгіні мен ұлы болашағы жолында біріктіре түсуде. 

Қазақстан халқы Ассамблеясына және барша қазақстандықтарға бейбітшілік пен келісімнің туын биік ұстап, халқымыздың достығы мен бірлігін нығайтып, қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін аянбай еңбек етуді тілеймін.




Яндекс.Метрика